Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес 2024 жылдың 1-ші шілдесінен бастап дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін лицензиялау енгізілгені белгілі. Содан бері Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне аталған қызметке лицензия алу үшін 9 өтініш келіп түсті. Оның 8-і қанағаттандырылып, арнайы рұқсат құжаты берілген болса, біреуі жұмыс барысында.

Денсаулық сақтау саласында дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау бойынша қызметтер көрсетуге лицензия алу үшін дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға немесе заңды тұлға бекітілген нысан бойынша электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы қызмет көрсетушіге өтініш түсіреді. Қызмет көрсету мерзімі жаңа лицензия алу үшін 15 жұмыс күнін және қолданыстағы лицензияны қайта ресімдеу үшін 3 жұмыс күнін құрайды.

Аталған қызметтерді көрсетуге лицензия алу үшін бірқатар біліктілік талаптары бекітілген. Атап айтқанда:

  • штатта заңнамаларда көрсетілген құжаты бар санитариялық-эпидемиологиялық қызмет дәрігерінің немесе маманының, нұсқаушы-дезинфектордың болуы;
  • қармақжемдерді, тұзақтарды, жұмыс ерітінділерін дайындау және өлшеп-орау үшін арнайы жабдықталған, дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдарын және препараттарын сақтау объектісінің болуы;
  • ең аз материалдық-техникалық жарақтандырудың болуы, атап айтқанда:
  • шашырату және бүрку жабдығы;
  • құралдар мен препараттарды сақтауға арналған тоңазытқыш жабдығының болуы;
  • жеке қорғаныш құралдармен қамтамасыз етілуі, олар – костюмдер, қолғаптар, бас киімдер, респираторлар;

Қазақстан Республикасының және Еуразиялық экономикалық одақтың аумағында қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдары мен препараттарының болу талап етіледі.

Бұдан бөлек, жұмысқа тартылатын мамандар әр 5 жыл сайын кәсіптік даярлықтан өтеді және жыл сайын жұмыстарды қауіпсіз жүзеге асыру, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету мәселелері бойынша нұсқамадан өтеді.

Осы аталған біліктілік талаптары сәйкес болған жағдайда қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қызметтер көрсетуге лицензия алуға болатындығын түсіндіреміз.

Дезинфекция, дезинсекция және дератизациялау үшін арнайы рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдар қызметіне жүгіну қажет, өз бетімен аталған шараларды жүзеге асыруға болмайды. Себебі улау құралдарын пайдаланып, өздігінен өңдеу сіздің және туыстарыңыздың денсаулығына зиян тигізуі мүмкін, тіпті өлімге әкелуі ықтимал екендігін естен шығармаңыз. Улау, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізетін ұйымдарды таңдаған кезде де ең алдымен олардың рұқсат құжатының болуына назар аудару маңызды.

Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!