KAZINFORM – 30 қаңтарда Будапештте шығармашылық сапарда жүрген Димаш Құдайберген жанкүйерлеріне бейнеүндеу жасады. Бұл туралы dimashnews.com жазды.

– Құрметті достар, менің сүйіктілерім Dears! Бүгін 30 қаңтар – біздің ортақ мерекеміз. 2017 жылғы сол бір есте қаларлық күннен бастап, сіздерге алғаш рет осылай Dears деп атағаныма бүгін 8 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біз концерттік турларыммен Қазақстаннан бастап Азия, Америка, Еуропаға дейінгі көптеген қала мен елдерді араладық… Сіздердің ерекше ықыластарыңыз бен қолдауларыңыз үшін, менің шығармашылығыма қызығушылық танытып, маған сенім артқандарыңыз үшін сіздерге айтар алғысым шексіз. Бүгінгі туған күнімізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерді жаңа концерттер мен қойылымдарда асыға күтемін, – деді әнші.

Димаш Құдайберген жақында жаңа туындысы жарыққа шығатынын мәлімдеді.

– Бүгін осы мерекеге орай жаңа әніміздің премьерасын жасамақпыз. 7 наурызда әлемге әйгілі композитор және продюсер Вальтер Афанасьевтің жетекшілігімен халықаралық авторлар ұжымы жасаған туындыны жарыққа шығарамыз. Бұл – «Love’s not over yet» әні. Сіздерге ұнайды деген үміттемін! – деді.

«Love’s not over yet» әні – Димаш Құдайбергеннің орындауындағы туынды. Бұл туындыны екі мәрте Грэмми сыйлығының иегері атанған продюсер және композитор Вальтер Афанасьев бастаған халықаралық топ жазған болатын. Әнді Димаштың ерекше дауысына арнап Уолтер Афанасьефф, Доминик Бус, Флавиен Компаньон сияқты композиторлар және сөзін Девон Грейвс жазды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!