ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева 2025 жылғы 7 қазанда екі жыл бұрын мемлекет басшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғанын еске алып, осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылғанын айтып берді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оның айтуынша, осыған дейін балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тұтас жүйені қалыптастыру үшін қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.

«Қазір әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылып, қорғаншылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді.
Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі арқылы балалармен тікелей байланыс орнату тәсілі енгізілді. Бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру. Осы бағытта Мемлекеттік кеңесші Е.Т. Қариннің жетекшілігімен мемлекеттік органдар және әкімдіктермен бірлескен ауқымды жұмыс жүргізілуде»,- деп жазды ол.

Балалар обдусмені аймақтарда осы шараларды іске асыру барысында олар шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт аралығында орын алған оң өзгерістерді де көретіндігін атап өтті.

«Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайды, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24%-ға төмендеді. «Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22%-ға және 50%-ға азайды. Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы – қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы. Алайда әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу».

Сондай-ақ, ол балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда екенін айтты.

«Барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және біртұтас профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады. Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасында суицид жағдайының айтарлықтай азаюы жағдайы тіркелді. Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр. Негізігі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақытылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет»,- деп мәлімдеді ол.

Закиеваның сөзінше, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарыс-қатынастармен байланысты.

«Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаға сүйене отырып, өз отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-ана мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді. Балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз, қамқорлықтарыңыз және түсініспеншіліктеріңіз. Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек»,- деп қорытындылады Закиева.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!