Фото: Акорда

Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті.

Жиында приезидент елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер ететінін атап өтті. Сондықтан мемлекет басшысы өз сөзінде бұл салаға да ерекше мән берді

«Қазақстан ұлттық мүддеге негізделген теңгерімді, конструктивті сыртқы саясат жүргізеді. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етіп, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді», – деді Тоқаев.

Президент қазақ дипломатиясы сан ғасырлық тарихы мен дәстүрі бар Ұлы даладан бастау алатынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет.

«Қазір дүние жүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, бір-бірінің ұстанымын мойындамау және сенімсіздіктің артуы, диалог пен консенсус үшін мүмкіндіктің азаюы. Осының бәрі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің ең құнды байлығымыз, оны аялап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек», – деді президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!