Күз айы – жаңа фильмдердің тұсаукесер кезеңі. Науқан қызған шақта көрермен кинотеатрға асығып, сүйікті фильмін тамашалауға ұмыталады. Алайда  Қазақстандағы ахуал мүлде бөлек. Әр фильм жарыққа шыққан сайын киноның қазақша дубляжы мен көрсетілім санына қатысты дау тыйылмайды.

Тіпті, санкцияның салдарынан танымал голливудтық киностудиялар Ресей нарығынан кетіп, көптеген шетелдік кинотуының көрсетілімі мен орыс тіліндегі дубляж тоқтатылса да бұл мәселе өзектілігін жоғалтпай отыр. Кейбірі мәселені қазақ дубляжының сапасынан іздесе, енді бірі кәсіпкерлердің кемшілігі екенін айтуда. Осы орайда алғашқы сын – елдегі дубляж ахуалының жай-жапсарын саралап көрелік.

Жалпы, Қазақстандағы дубляж тарихы 1960-1970 жылдардан бастау алады. Саладағы ең алғашқы жұмыс Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына тиесілі. Алғаш «Қыз Жібек», «Менің атым Қо­жа», «Бандыны қуған Хамит» сияқты туындылар қазақ тілінде дубляждалған. Алайда Кеңес одағы ыдыраған соң дубляж жасау ісі біршама кенжелеп, соңғы он жылда фильмдерді дыбыстау, соның ішінде импорт туындыны дубляждау қайта жанданды.

Жалпы сапалы дубляж аударманың сапасы, тіл тазалығы, актердің шеберлігіне тікелей қатысты. Бұл тұрғыда қазақ дубляжының өзіндік жолы мен мектебі қалыптасқанын айта кеткен жөн. Бүгінде театр және кино мамандарының  үлес қосуымен көптеген кино өнімдері жоғары деңгейде дубляждалғанын білеміз.

Дегенмен саланың кем-кетігі  жетерлік.  Әсіресе, шетелден келетін фильмдердің аударма сапасы мен дауысы ерекше мамандарды табу ісі ақсап тұр. Мұны дубляж режиссері Гүлназид Омарованың отандық БАҚ-та жарияланған пікірінен аңғару қиын емес.

– Қазір шетелдік киноларды дыбыстауға қатысты тиісті келіссөздер жүріп жатыр. Әзірге өзіміздің фильмдермен жұмыс істеудеміз. Егер голливудтық кинолар келетін болса, ең әуелі мәтінін орыс тіліне, содан соң қазақ тіліне аударудан бастаймыз. Одан соң кәсіби дыбыстау басталады. Әрине, сапалы дубляж жасау қаржыға да байланысты. Оның үстіне фильмдерді де тез арада әзірлеу қажет. Мәселен, қазір бізде бір киноға 3 ай қажет. Ал Ресейде дубляж 5 күнге ғана созылады.

Тағы бір маңызды мәселе – ол мәтін аудармасы. Жасыратыны жоқ, көбіне қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылатындықтан, сөйлемнің мағынасы бұзылып, мүлдем түсініксіз сөздерді естиміз, – дейді маман.

Расында, Ресейде жұмысын тоқтатқан шетелдік киноиндустриядағы атақты компаниялар Қазақстанмен жұмыс істеуге ниет білдірген. Тіпті болашақта қазақстандық актерлар дубляждаған Голливудтың ірі бес киностудиясының туындылары жарық көреді деген жоспар да бар. Бұл орайда Мәдениет және спорт министрлігі келіссөз жүргізуде. Яғни, Тор, Өрмекші адам секілді танымал кейіпкерлер тағы да қазақша дыбысталады деген сөз.

Осы орайда Ұлттық арнаның диструбиция және сатып алу бөлімінің басшысы Жахина Сәнгерімнің дубляж үдерісінің даму ерекшелігі мен артықшылығы туралы пікірін қосу маңызды секілді. Маман саладағы олқылық пен жұмыс барысын дөп басып айту арқылы келешекте туындайтын мәселелерді назардан тыс қалдырмайды.

«Әр ел үлкен экранға шығатын кинотуындыларды өз тіліне аударып, дубляж жасайды. Мысалы, Ресей, Қытай, Франция, Жапония тағы басқа елдер, дубляждалған нұсқасы толық жоғары сапамен орындалмайынша экранға бермейді, тіпті тұсаукесер датасын кешіктіру де мүмкін. Дубляжға келетін болсақ, ол – үлкен жұмыс, бір фильмнің артында кемінде 35 адамның еңбегі бар, ал алып студиялардың фильмдеріне келсек, бұл сан екі есе өседі, себебі олар сапаны бақылау мақсатында аударманы, актерлердің дауысын, музыканы, өлеңді қалай орындағандарын бекітеді.

Келешекте аудармашылар, театр актерлерінің, дыбыс режиссерлерінің тапшылығы болуы мүмкін, бірақ бұл, даусыз, қазақ тіліне дубляждау сапасын арттырады, білікті мамандарды біріктіреді және қазіргі түйткілерді шешудің жолы екені анық», – дейді сала маманы.

Шетелдік фильмдерді дыбыстауда белсенділік танытқан Arai Media Group студиясының салаға қатысты айтары мол. Студияның атқарушы продюсері Айымгүл Мэлсқызының БАҚ өкілдеріне берген пікірінен дубляж саласының біршама мәселесіне қанығуға болады.

«Бұрын қазақша контентке аса назар аудармайтын. Қазір билік назар аударып жатыр. Бұған біз, шы­ғармашылық топ қуанамыз. Себебі бұл – біздің қаншама жыл бойы жүргізген күресіміздің жемісі. Кинотеатрға да, телеарнаға да өнімін қазақша ұсынатындардың да қатары көбейді. Мәселен, дыбыс режиссері, дубляж актерін маман­дық ретінде ешбір ЖОО-да оқытпайды. Олар өздері тырысып, тәжірибе жүзінде төселіп келеді. Егер осы жолмен жүре берсек, Голливудтың өзін қазақша сөйлететін күнге жетеміз. Себебі сұраныс бар жерде талап болады. Неліктен шетел фильмі бірден орысша дыбысталады? Себебі орысша көретін көрермен көп. Осылайша, Голливуд бірден орысша дыбыстауға өз қа­ражатынан тапсырыс береді. Біз қазақшаны осындай дәрежеге жеткізсек, артық шығындалмай-ақ Голливудтың тапсырыс беруін күтер ек. Алайда бізде ондай мүмкіндік жоқ. Себебі көрермен кинотеатрдан қазақша дыбысталған туындыны көруге құмартпайды», – дейді Айымгүл Мэлсқызы.

5-10 жыл бұрын «Неліктен қазақша дыбысталған фильмдер аз?» деген сауалға «Қазақша фильмге сұраныс аз» деген сыңайдағы пікір тарағанын білеміз. Сол кезде қоғам белсенділері мен халық мұндай ойдың жансақ  екенін айтып, қазақша кино көргісі келетін көрермен көптігін жеткізген болатын. Содан бері отандық кинонарықта қазақтілді фильмдердің қатары артып қана қоймай, шетелдік фильмдердің қазақша дыбысталған нұсқасына сұраныс арта түсті. Қазіргі жағдай одан да жақсарған, сұраныс жоғары. Тіпті қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің кино әлеміндегі орнын нығайтуға еңбек етуде. Мәселен, QazaqshaJaz қозғалысы шетел фильмдерін қазақша дыбыстауды талап етіп, петиция жариялады. Қозғалыс белсенділері фильмдердің сапасыз қазақша субтитріне наразы.

 «Бүгінде «Кинематография туралы» Заңның 9-бабында «…фильмдерге қазақ тілінде дубляж не субтитр жасалып, не кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етілуі тиіс» деген талап бар. Жоғарыда көрсетілген бап таңдау беріп тұр, ал дистрибьютордың дубляж, субтитр мен кадр сыртындағы аударма үшеуінің арасынан субтитрді таңдайтыны айдан анық. Ол дистрибьюторға қаражат үнемдеуге мүмкіндік берсе де, қазақ тілінің ахуалын жақсартуға үлес қосуы екіталай. Осыған дейін мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында кинотеатрда көрсетілген фильмдер қазақ тілінде субтитрленіп келсе де, ол қазақтілді көрерменді қанағаттандырмайтыны анықталды», – дейді қозғалыс белсенділері.

Петиция авторлары соңғы жылдары қазақша дубляждалған санаулы туындының көрермен ықыласына бөленгенін атап өткен. Әсіресе, «Жан», «Энканто» және «Лука» атты фильмдердің қазақша дыбысталған нұсқасы көрермен көңілінен шығып, ондағы қазақша саундтректер әлеуметтік желіде трендке айналған екен. Сондықтан белсенділер сұраныс жоғары екенін, әрбір көрерменнің Дүниежүзілік кинематографты ана тілінде көруге құқылы екенін айтуда.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!