Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова бюджеттік ұйымдардағы техникалық қызметкерлердің, соның ішінде еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электриктер секілді қарапайым еңбек адамдарының жалақысын көтеруді ұсынды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат сауалын премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдады.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, өңірлер, аудандар және тіпті бір қала ішіндегі мектептер арасында жалақы әртүрлі деңгейде көтерілген. Техникалық қызметкерлер де жалақы әртүрлі екеніне шағымданған.
«2024 жылғы 29 ақпандағы премьер-министрдің орынбасарынан келген жауапта «…Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, халықаралық тәжірибені ескеріп, жұмыстың ерекшелігіне сәйкес азаматтық қызметшілердің, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы жұмыс жүргізіп жатыр» деп айтылған. Алайда жұмыстың нәтижесі техникалық қызметшілер үшін белгісіз. Еден жуушы, плотник, сантехник, аула сыпырушы, электриктерге сауықтыру жәрдемақысын төлеу, еңбекақы жүйесін жетілдіру туралы түсіндірме ақпаратынан бейхабар», – деді ол.
Депутат мұндай еңбек адамдарының еңбек демалысына сауықтыру жәрдемақысын төлеу де кезек күттірмейтін мәселе екенін жеткізді.
«Техникалық қызметкерлер жөндеу жұмыстарын жасайтынын және оған қаражат төленбейтінін айтады. Жөндеу жұмыстарына бюджеттен арнайы қаражат қарастырылады. Олай болса неге онсыз да еңбегі ауыр, жалақысы төмен еңбек адамдары жөндеу жұмыстарына тартылуға тиіс? Бұл еңбек заңдылығына қайшы деп санаймын. Осы мәселеге нақты жауап беруіңізді сұраймын», – деп талап етті депутат.
Жұлдыз Сүлейменова мынадай ұсыныс жасады.
«Бюджеттік ұйымдардағы орта, кіші буын мамандары мен қызметшілеріне лайықты жалақы тағайындаудың әдістемесінде еңбек өтілі, жүктеме, жұмыстың күрделілігі деңгейін ескеретін бірыңғай жүйе қарастырылуға тиіс және жалақыны арттыруда өңірлік және ішкі теңгерімсіздікті жою шарт».
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!