Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Жаңақорған ауданы Екпінді ауылындағы 100 орындық клубтың ашылу рәсімі өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары қатысты, – деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы жиналған қауымды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, құрылыс саласындағы, мәдениетті өркендетудегі бастамаларға тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Жарлығымен «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданып, бұл бағыт мемлекеттік саясаттың маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі болып белгіленгелі бері көп жұмыс атқарылды.
Ауылда шаруашылықты, кәсіпті дамыту үшін мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды тиімді, мақсатты пайдалану өте маңызды. Биыл облысымызға 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады. Алдағы үш жылға 98 инвестициялық жоба жоспарланған.
Бүгін өздеріңізбен «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Екпінді ауылындағы 100 орындық клубтың ашылу салтанатына жиналдық. Жаңа мәдениет ошағында руханияттың алтын тамырынан нәр алған өнерпаздардың шығармашылығы шыңдала берсін! Екпінділіктерге жаңа клуб құтты мекен болғай!», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Рәсімде ел дамуына елеулі үлес қосқан аға буын өкілдері мен клубты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сенат депутаттары Наурызбай Сейтқалиұлы, Руслан Рүстемұлы құттықтау сөз сөйледі.
Іс-шарада облыс әкімі ауылдың талантты жасөспірімдеріне домбыра сыйлап, ұлттық өнерді дамытуға бағытталған игі іске қолдау көрсетті.
Рәсімнен кейін аймақ басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, елді мекенді көркейту, абаттандыруға қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жауапты тұлғаларға көтерілген мәселелерді назарда ұстап, кезең-кезеңімен шешуді тапсырды.
Бүгінде Жаңақорған ауданының бюджеті 27 млрд теңгеден асты. Соңғы үш жыл ішінде ауданға 200 млрд теңге инвестиция тартылған. Өткен жылы «Оқушылар үйі» және «Өнер мектебі» ашылып, жеткіншектердің қабілетіне, бейіміне қарай тәлім беретін орталыққа айналды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде салынған 10 мектептің екеуі Жаңақорған ауданында бой көтерді.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Жаманбай батыр және Қыркеңсе ауылдық округтерінде дәрігерлік амбулаториялар, аудандық көпбейінді аурухана жанынан қосымша жаңа ғимарат салынды. Сонымен қатар, Төменарық ауылында амбулаториясы бар 15 орындық аурухана пайдалануға берілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!