Дания үкіметі 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Reuters-ке сілтеп.
Елдің цифрландыру министрі Каролина Стейдж Олсен балалардың психикалық денсаулығын қорғау және интернеттегі теріс әсерлердің алдын алу керегін хабарлады.
«Әлеуметтік желілер балалардың уақытын, балалық шағын және әл-ауқатын ұрлап отыр. Енді бұған нүкте қоятын кез келді», — деді министр.
Жаңа жоспарға сәйкес, 15 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілерге тек ата-анасының рұқсатымен ғана кіре алады.
Ресми деректерге сүйенсек, Дания жастары арасында ең танымал платформалар қатарында Snapchat, YouTube, Instagram және TikTok бар.
Мамандардың айтуынша, әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану мазасыздық, тәуелділік және өз-өзіне сенімнің төмендеуіне алып келіп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!