SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы табыс тауып, оны салық декларациясында көрсетпеген 850-ге жуық блогерден небәрі 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті департамент директорының міндетін атқарушы Ерқанат Шыңберген 24KZ арнасындағы ТҮЙІН бағдарламасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2022–2023 жылдарға қатысты жүргізілген камералық бақылау барысында шамамен 80 мың азаматтың кірісі талданған. Соның ішінде әлеуметтік желіде белсенді 850-ге жуық блогер анықталған.
«Осы 850-ге жуық азаматтан 500 млн теңгеге жуық салық өндірілді», – деді Ерқанат Шыңберген.
Мемлекеттік кірістер органдары ескерту талаптары орындалмаған жағдайда толыққанды салықтық тексеруге шығып, берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу құқығына ие.
«Камералық бақылау хабарламасы орындалмаса, салықтық тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижесінде берешек жеке шоттардан да өндіріліп алынуы мүмкін. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес шаралар қолданылады. Алғашқы рет анықталған жағдайда ескерту беріледі», – деп түсіндірді спикер.
Комитет өкілдері блогерлер үшін табыс тек ақшалай түсіммен шектелмейтінін ескертті. Жарнамалық бартер, сыйлық немесе мүлік түрінде алынған кез келген пайда да салық салынатын табыс болып есептеледі.
«Табыс – бұл тек ақша емес. Мүлік те, сыйлық та табысқа жатады. Әсіресе жарнамаға ерекше мән береміз. Себебі блогерлердің негізгі кірісі көбіне жарнамадан түседі. Әлеуметтік желіде табыс табу мақсатында жарияланған контенттің барлығы кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылады», – деді Ерқанат Шыңберген.
Салық органдары блогерлердің кірісін түрлі мемлекеттік мекемелер мен банктерден алынған деректер арқылы тексеріп, декларациядағы мәліметтермен салыстырады. Егер кіріс көлемі жасырылғаны немесе төмендетіп көрсетілгені анықталса, азаматқа камералық бақылау нәтижесі бойынша хабарлама жолданады.
Хабарламаны орындаудың екі жолы бар. Біріншісі – декларацияға түзету енгізіп, тиісті салықты төлеу. Екіншісі – егер салық төлеуші анықталған бұзушылықтармен келіспесе, дәлелдер ұсыну арқылы түсіндірме беру. Бұл үшін 30 күн мерзім қарастырылған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
