Фото: Орал Әміренов
Президент тапсырмасымен Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын қайта қарайды. Құжатқа су тасқынының алдын алу және оның шығындарын азайту жөніндегі кешенді іс-шаралар қосылады, – деп хабарлайды KAZINFORM ақпараттық агенттігі.
«Қазіргі уақытта Ақмола облысында екі ірі су қоймасы 100% толы. Мұнда су тасқынының белсенді кезеңі өтіп, салалары тұрақтанды. Бірақ, Жабай өзенінің реттелмейтін ағынының артуына байланысты Атбасарда су тасқыны жалғасып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында 2 ірі су қоймасы 100% толы, су тасқыны жалғасып жатыр. Екі су қоймасы да штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр, бұзылу қаупі жоқ. Су тораптары көпфакторлы тексеруден өтті, техникалық жағдайы қанағаттанарлық», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева Орталық коммуникациялар қызметінде.
Сонымен бірге, Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі – 1 243 см, бір тәулікте ол 103 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу іс-шараларын атқарып жатыр.
Ақтөбе облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші – 97%. Өңірдегі жағдай тұрақты.
Батыс Қазақстан облысында төрт ірі су қоймасының орташа су жинауы – 74%. Иреклі су қоймасынан жіберілген су әлі Қазақстан шекарасына жеткен жоқ. Бұған қатысты болжам өзгермеді. Бұл су 16-17 сәуірде келеді деп күтілуде.
Қостанай облысында екі ірі су қоймасының орташа су жинау көрсеткіші 93%, су тасқынының белсенді кезеңі өтті. Қаратомар су қоймасы транзиттік режимде жұмысын жалғастырып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысында екі ірі су қоймасы бойынша орташа су жинау көрсеткіші – 80%.
Абай облысында Шүлбі су қоймасы 89%-ға толды. Өңірде су тасқыны жалғасуда. Шүлбі су қоймасына ағындардың ұлғаюына байланысты су жіберу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жалпы, Ертіс каскадының су қоймалары штаттық кестеге сай жұмыс істеп тұр.
Қарағанды облысында 3 ірі су қоймасы 99%-ға толы, өңірде су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Жағдай тұрақты.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!