Фото: пресс-служба акимата города Тараза

KAZINFORM — Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовтің ауылына асфальт төсеу жұмыстары неге осы күнге дейін кешіктірілгенін айтты.

«Елдос Сметов чемпион болмаса, оны құттықтауға сіз бармасаңыз, ол ауылға асфальт төселмейтін бе еді?» — деп сұрады БАҚ өкілі Парламент палаталарының бірлескен отырысының алдында.

Облыс әкімінің сөзінше, негізі ол ауылға асфальт шілде айында төселіп қою керек болған.

«Негізі ол ауылға қазан айында асфальт төсеу жоспарда болған. Өздеріңіз білесіздер, мемлекеттік сатып алу процестері оңай емес екенін білесіздер. Екі мердігер соттасып жатыр. Сондықтан асфальт төсеу мәселесі кешігіп келді. Әйтпесе шілде айында ол жолға асфальт төсеп қоюымыз керек еді. Ол жолды мердігерлер өз тарапынан жасап берді. Жалпы жоспарда ол ауылдың алты әлде сегіз жолын жөндеу мәселесі болған. Оған үлгермей жатыр», — деді Ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, Елдос Сметов тұратын ауылға дзюдошы Париж Олимпиадасының чемпионы атанғаннан кейін асфальт төселгені әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!