Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
KAZINFORM — Елімізде 2021 жылдан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Қазір жоба аясында мектеп жасындағы 228 мыңнан астам бала 7 мыңнан аса спорттық секцияға тегін қатысып жүр. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Мемлекеттік спорттық тапсырыс – балалардың спортқа қызығушылығын арттырып, қабілетін дамытуға бағытталған жоба. Бағдарлама жан басына қаржыландыру қағидаты бойынша жұмыс істейді. Басты артықшылық балалар спорттық үйірмелерге ақысыз қатысады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінген.
Ал Damubala.kz платформасы – бұл жүйеде балаларды тіркейтін ақпараттық база. Платформа арқылы 4 пен 17 жас аралығындағы балаларға ваучер беріледі. Сол ваучер негізінде спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер мемлекет есебінен қаржыландырылады.
Министрліктің мәліметінше, «Damubala» — бағдарламаның өзі емес, тек тіркеу жүргізетін цифрлық жүйе. Көпшілік оны мемлекеттік бағдарлама деп қате түсініп жатады. Ата-аналар осы платформа арқылы баласын қалаған спорттық үйірмеге жазып, кезекке қояды.
– Жүйедегі мемлекеттік спорттық тапсырыс өңірлерде жергілікті атқарушы органдар немесе олардың уәкілетті бөлімшелері (оператор) арқылы жүзеге асырылады. Ал спорттық қызмет көрсетуші ретінде білім беру ұйымдарымен қатар, жеке спорт клубтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Операторлар мемлекеттік тапсырысты жылға бөлінген бюджет көлеміне қарай қызмет көрсетушілер арасында бөледі. Ал бекітілген қаржыландыру жоспары қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде ресми сайтта жарияланады, – делінген министрлік жауабында.
Қаржыландырудың жан басына шаққандағы тәртібі 2021 жылғы 27 сәуірде бекітілген арнайы әдістеме арқылы реттеледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!