Қазіргі заман талабына сай жабдықталған жаңа үлгідегі Comfort+ санатындағы электропойыз «Астана – Қарағанды» бағыты бойынша жолаушыларды тасымалдауға кірісті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңа электропойыз үшінші класты және еуропалық стандарттарға толықтай сай келеді. Алты вагоннан тұратын пойыз 576 жолаушыға есептелген. Салондары кең әрі жарық, ішкі интерьері заманауи стильде жобаланып, жолаушылардың жайлылығы барынша ескерілген.

Бұл электропойыздар — отандық өнім. Қазақстанда құрастырылып, заманауи талаптарға толық жауап береді. Жолаушылардың барынша жайлы сапар шегуі үшін барлық жағдай жасалған. Биыл маусым айының соңына дейін бірінші, екінші және үшінші санаттағы тағы алты жаңа электропойызды іске қосу жоспарымызда бар, – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.
Электропойызда әр вагонда биотуалеттер орнатылған, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы санитарлық тораптар да қарастырылған. Сонымен қатар, пойыздың екі жағында ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған көтергіш құрылғылар орнатылған, бұл олардың пойызға еш кедергісіз мініп-түсуіне мүмкіндік береді.
Қарт жолаушылар және балаларымен бірге сапар шегетін азаматтарға ыңғайлы болуы үшін автоматты табалдырықтар жасалған. Әр орындықта құрылғыларды қуаттауға арналған USB-розеткалар орнатылған. Жолаушылардың қосымша қажеттіліктерін өтеу мақсатында әр вагонда жеңіл тағамдар мен сусын ұсынатын вендинг автоматтары бар.

Алғашқы жолаушылар жаңа пойыз туралы өз әсерімен бөлісті:
Мына пойызды көріп қуанып отырмыз. Өте жайлы, кең, заманауи. Біз үнемі Астана – Қарағанды бағыты бойынша сапарға шығамыз. Бұрын ескі пойызбен жетеміз дегенше шаршап қалатынбыз. Енді тез әрі ыңғайлы жетеміз деп сенеміз. Мұндай жаңа пойыздарды көбірек іске қосса екен, – дейді жолаушылар.
Пойыздың сыртқы келбеті де жаңартылып, ұлттық тасымалдаушының бірыңғай фирмалық стиліне сай сәнделген. Ал машинист кабинасы көп позициялы реттелетін эргономикалық орындармен жабдықталған, бұл ұзақ сапар кезінде машинистің жұмысын әлдеқайда жеңілдетеді.

Айта кетейік, электропойыз күн сайын белгіленген кесте бойынша тұрақты қатынайды. Билет құны – 3 202 теңге.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!