Фото: Saudagovkz
Ваучер әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті үстеме бағасыз сатып алуға мүмкіндік береді. Жаңа жоба туралы толығырақ Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтып берді, – деп хабарлады Kazinform.
— Мемлекет басшысының атаулы әлеуметтік көмекке көшу жөніндегі тапсырмасын орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке қойылатын 15% сауда үстемесін бақылау күшейтіледі және халықтың әлеуметтік осал санатына арналған атаулы қолдау шараларын жүзеге асырғалы жатырмыз. Сонымен қатар тиімді басқару шешімін қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын талдау модулі іске асырылады, — деді Арман Шаққалиев Үкімет отырысында.
Пилоттық жоба шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға азық-түлік ваучері беріледі.
— Ваучермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті үстеме бағасыз сатып алуға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаны Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қаласында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оған 1 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмек алушы кіреді. Жоба өңірлерге сапар барысында Парламент депутаттары тарапынан қолдау тапты және қоғамдық талқылаудан сәтті өтті, — дейді ведомство басшысы.
Айта кетейік, елімізде жаңа сауда маркетплейсін іске қосу мәселесін пысықталып жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!