Ел аумағында юаньмен операция жүргізу бойынша клирингтік банк анықталды. Шешімді ұлттық банк жариялады. Шешімге сай клирингтік банк міндетін Алматыдағы «Қытайдың сауда-өнеркәсіп Банкі» атқарады.

Қытайдың орталық банкі екі клирингтік қаржы ұйымын анықтады. Оның бірі – Қазақстанда, екіншісі – Лаоста орналасқан. Өткен айда қазақ пен қытайдың бас банктері юань бойынша клиринг механизмін түзуге бағытталған меморандумға қол қойды. Оның негізінде бірқатар міндеттеме жатыр. Жалпы мамандар клирингтік юань операциялары бойынша инфрақұрылымды дамыту тараптар арасындағы байланысты нығайтуға жол ашатынын айтады. Клирингтік банктің қызметі ұлттық валютадағы есеп айырысуларға жаңа серпін береді. Тіпті өзара сауда және инвестициялық қызметтің дамуына ықпал етеді дейді Ұлттық банк өкілдері.

Аида Кұлболатова, ҚР ҰБ халықаралық байланыс департаменті директорының орынбасары:

– Бұл шешім, әсіресе, клирингтік банктің Қытай қаржы нарығына тікелей кіруінің арқасында ұлттық валютадағы трансшекаралық төлемдердің тиімділігін арттырады деп күтеміз. Бұл ретте, ICBC-тің клирингтік банк ретінде тағайындалуы басқа банктердің қытай юаніндегі операциялар бойынша қызметін, оның ішінде қазақстандық банктердің корреспонденттік шоттар ашуын және клиенттерге қызмет көрсетуін шектемейтінін атап өткен жөн.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!