Қазақстанда көліктерге газ орнату тәртібі қатаңдылады. Енді арнайы аккредитациядан өткен орталықтарға ғана қызмет көрсетуге рұқсат берілмек. Тіпті, олар газ баллондарын зертхананың сынағынан өткізуі тиіс. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңашылдық азаматтардың қауіпсіздігін сақтау үшін енгізіледі. Себебі соңғы кездері көліктердің өртеніп кету деректері көбейген. Сондықтан “Көлік құралына техникалық қызмет көрсету” тәртібіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Енді көліктерге рұқсаты бар сервистік орталықтар ғана газ орнату қызметін ұсына алады.

“Жаңа талаптарға сәйкес сертификаты бар сервистік орталықтар ғана газ қондырғысын орнатумен айналысады. Олардың қондырғылары зертханадан өткізілген болуы керек. Сонымен қоса орта білімді немесе сертификаты бар мамандар қызмет көрсету тиіс”, – дейді Көлік министрлігі комитетінің бас сарапшысы Қанат Қалмағамбетов. 

Бұл өзгерістерге көлік иелері де қарсы емес. Дегенмен тәртіп қатаңдатылса, газ орнату жұмыстары қиындап, қызмет құны қымбаттап кете ме деп алаңдайды.

Кәсіпкерлер өзгеріске сай бағаның қымбаттайтынын айтып отыр. Оның үстіне газ орнатылған көліктердің өртеніп кету жағдайлары көбіне сервистік орталықтың ағаттығынан емес, жүргізушілердің өз кінәсінен дейді. Айтуларынша, жүргізушілер мамандардың кеңесіне құлақ аса бермейді.

“Екі ай сайынғы тексерілуден өту жайлы айтып отырамыз. Көп жағдайда бәрі қызмет көрсетуіміз жылдың ішінде тегін болады да, ал затын сатып алу керек болады. Көп жағдайда сол затқа келген кезде көп адам ақшасын қия бермейді. Ладно жүре берейін деген әңгіме болады”, – дейді кәсіпкер Шырайлым Жақсылық.

Қатаңдатылған ереже қазір “Ашық үкімет” порталында қоғам талқысына шығарылған. Егер көпшілік қолдаса, жақын арада күшіне енеді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!