фото: yandex.kz

Қазақстанда тозығы жеткен 59 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Осы уақытқа дейін (күрделі жөндеуден өтуге тиіс) 59 темір жол вокзалын айқындадық. Оның төртеуі – Түркістан, Қызылорда, Шымкент және Павлодардағы теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Өкінішке қарай, қалғандарына мүлдем қаржы да бөлінбеген, жағдайы да төмен, – деді Марат Қарабаев Сенаттың жалпы отырысында.

Министр тозған вокзалдарды жөндеуге қаржы жыл соңына дейін бөлінуі мүмкін екенін айтты.

«Қазір 59 темір жол вокзалын айқындадық. Барлық әкімдік жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Жылдың соңында біз «бюджеттен (қаржы бөлу жағын) қарастырамыз ба?» деп отырмыз. Өйткені, «Қазақстан темір жолы» АҚ өз қаржысын вагон, локоматив сатып алуға жұмсап жатыр. Мұнда (теміржол вокзалының) ғимаратын (жөндеуді) республикалық бюджеттен, ал (теміржол вокзалының) ауласын (жөндеуді) жергілікті бюджеттен қаржыландырамыз деп әкімдіктермен келісіп жатырмыз. Бірақ жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдер дайындап жатыр. Теміржол вокзалдарын жаңарту қызмет көрсету сапасының артуына ықпал етеді», – деді ведомство басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!