Фото: Pexels

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде қандай жұмысшы мамандарына тапшылық бар екенін айтып берді, – деп хабарлады Қазақпарат.

Орта мерзімді болжамға сәйкес, жұмысшы мамандары бойынша кадрларға қажеттілік 2030 жылға қарай 410,6 мың адамға жетеді (биыл – 52,7 мың адамға тапшылық бар).

«Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар – автомобильдердің, жүк автомобильдерінің жүргізушілері, такси жүргізушілері – 88,1 мың адамды, дәнекерлеушілер – 18 мың адам, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер, суретшілер – 13,4 мың адам, сантехниктер – 13,2 мың адам, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың адам, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам және басқалары бар», – деп жазылған министрлік жауабында.
Сонымен қатар, Электронды еңбек биржасы порталында жұмысшы мамандарына жұмыс берушілерден 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған, ондағы жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетеді.

Айта кетейік, жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді.
Ал биыл Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!