Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су саласы мамандарының айлығын көтеру мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова жиында министрден салаға келетін мамандар саны аз екенін айтып, министрге сұрақ қойды.
Баяндамаңызда кадрлық әлеует туралы айттыңыз. Бірақ бұл салада кадр проблемасы, сонымен қатар профильді кадр тапшылығы мәселесі өте өзекті. Кемінде 3 мыңға жуық инженер-гидротехник, ирригатор, су ресурстарын басқару маманы қажет. Жыл сайын небәрі 200-ге жуық қана маман даярланады. Бұл саланың 7% сұранысын ғана жабады. Былтыр 500-ден астам студент су шаруашылығы мамандықтарына барған. Бірақ бүгінгі таңда су шаруашылығында жалақы басқа коммуналдық саладағы жалақыдан едәуір төмен. Бұл соңғы 10 жылда саладан 30% маманның кетіп қалуына себеп болып, жастардың келуіне үлкен кедергі болып отыр. Саладағы маман тапшылығын шешуге байланысты қандай бағдарлама қабылдайсыз? Жалақыны көтеруге байланысты субсидиялау бағдарламасын қабылдайсыз ба? – деп сұрады депутат.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов әріптестерінің айлығын алдағы уақытта тағы 50%-ға көтеру мәселесін қарастырып жатқанын атап өтті.
Рас, төмен жалақы болды. 2024 жылғы 1 мамырдан бастап «Қазсушарда» жұмыс істейтін 10 мыңнан астам маманның айлығын 25%-ға көтердік. Ол екі бағытта көтерілді – тариф және республикалық бюджеттен. Қазір “Қазсушарда” орташа жалақы – 210 мың теңге. Қазір өздеріңіз қолдап отырсыздар. «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Қазір құжат Сенаттың қарауында. Біз су шаруашылығы саласы мамандарының жалақысын энергетика және жылу энергетика саласы мамандарының айлығымен теңестіреміз. Бұл мамандардың айлығын тағы да 50%-дан астамға көтеруге мүмкіндік береді, – деді ведомство басшысы Үкімет сағатында.
Осылайша министрлік жылдың екінші жартысында мамандардың жалақысын қосымша 50%-ға көтереміз деп жоспарлап отыр.
Нәтижесінде орта есеппен 210 мың теңгеден 310 мың-320 мың теңгеге дейін жалақы болады. Айлық көтерілсе, мамандар салаға келеді, – деді Нұржігітов.
Сонымен қатар министр су саласы мамандарының даярлайтын ЖОО-лар жайлы да қоса кетті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!