Фото: Halyq Uni
Қазақстанда «фейк» ақпарат таратқаны үшін блогерлерге айыппұл салына бастады, деп хабарлайды Halyq Uni Ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Қыркүйек айының басында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» жаңа заңның күшіне енгеніне бір жыл болды. Заңның негізгі жаңалығы – барлық онлайн-платформа пайдаланушыларын жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту.
Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚСжАЕК) есептерінен алынған деректерге сәйкес, биыл қаңтар-шілде айларында ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша («Жалған ақпаратты орналастыру, тарату») 77 әкімшілік құқықбұзушылық фактісі тіркелген.
Тіркелген құқықбұзушылықтардың көп бөлігін (67) онлайн-платформа пайдаланушылары жасаған. Олар жаңалықтарға комментарий ретінде немесе посттарында қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқығы мен заңды мүддесін бұзатын ақпаратты орналастырған.
Блогерлер таратқан «фейктерге» тоқталсақ, 5 құқықбұзушылық тіркелді, 2 адам жауапқа тартылды, – деп жазды портал.
Тіркелген құқықбұзушылықтардың жартысынан азын (30) уәкілетті орган (Мәдениет және ақпарат министрлігі) қарады, тағы 38-і сотқа жетті. 50 адам жауапкершілікке тартылды. Олар айыппұл төлейді.
Осы бап бойынша 7 ай ішінде өндіріп алынған қаражаттың жалпы сомасы 2,8 млн теңге болды. Әзірге тек 63,2%-ы өндірілді.
Айта кетсек, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратқаны үшін немесе «фейк» аралас комментарий жазғаны үшін төленетін айыппұл сомасы отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салады: 20 АЕК немесе 73,8 мың теңге.
ӘҚБтК бойынша блогерлер үшін айыппұл мөлшері сәл жоғары: 30 АЕК немесе 110,8 мың теңге.
Қаңтар-шілде айларында қазақстандық инфлюэнсерлерге жалған ақпарат таратқаны үшін 166,1 мың теңге айыппұл салынды. Оның 55,4 мың теңгесі өндіріп алынды.
«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдағы тағы бір маңызды жаңа талап – блогерлер жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек және жарнамаларын таңбалау қажет.
Сарапшылардың, медиа заңгерлердің пікірінше, жауапкершіліктің енгізілуі болашақта инфлюэнсерлерді әртүрлі қаржы пирамидалары, кибербуллинг және т.б. туралы тексерілмеген ақпаратты жарияламауға мәжбүр етеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!