Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform


Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы әкімдіктің 2023 жылғы қаулысына өзгеріс енгізу мәселесі қаралды, деп хабарлайды Kazinform.

— «Астана қаласының су объектілерінде су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін белгілеу туралы» әкімдіктің 2023 жылғы 20 қазандағы қаулысына өзгеріс және толықтыру енгізу туралы» қаулының жобасы ұсынылып отыр. Жоба ҚР Су кодексіне, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, сондай-ақ ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің 2025 жылғы 9 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Су қорғау аймақтары мен жолақтарының шекараларын белгілеу қағидаларына сәйкес әзірленді. Аталған қаулымен келесі өзгерістер енгізіледі. Астана қаласындағы гольф-клуб ауданы аумағында орналасқан 405 гектар жер учаскесі шегінде Есіл өзенінің ескі арнасы бойында су қорғау аймақтары мен жолақтары белгіленеді. Су қорғау аймағының нормативтік өлшемі — су жиегінен 500 метр. Ал су қорғау жолағының нормативтік өлшемі — 35 метр, — деді қалалық Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов.

Оның айтуынша, аталған учаскеде су қорғау аймақтары мен белдеулері осыған дейін белгіленбеген.

— Астана жаңа нысандардың құрылысы бағытында қарқынды дамып келе жатқанын ескерсек, осы жағдай сәулет органдарына тиісті жаңа құрылыстың жобаларын келісуге қиындатып отыр. Осы орайда аталған бастаманы көтеріп отырмыз. Сонымен қатар, жоба Астана қаласы әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесте келісілді. Барлық мүдделі мемлекеттік органдардан келісім болды. Бұл жоба Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына қайшы келмейді. Қолдауларыңызды сұраймын, — деді басқарма басшысы.

Қоғамдық кеңес отырысында осы жобаға қатысты қолдау жасалды.

Бұдан бұрын хабарланғандай, еліміздің барлық су объектісінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жоспарланып отыр. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!