Елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев Астанада қай пән мұғалімдеріне қажеттілік бар екенін айтып берді.

«Қазіргі уақытта елорданың білім беру саласында 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде мемлекеттік жалпы білім беретін мектептерде 12 мыңнан астам педагог бар. Ұлттық білім беру деректері базасының мәліметінше, бүгінгі таңда педагогтарға қажеттілік — 91 адам. Қажеттілік орыс тілінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдері, математика, информатика, тарих, орыс тілі мен әдебиеті, физика, химия мұғалімдеріне көбірек байқалады», — деді Қасымхан Сенғазыев қалалық мәслихат отырысында. 

Сонымен бірге, арнайы білім беру ұйымдарындағы арнайы педагогтерге, мектепке дейінгі мекеме тәрбиешілеріне қажеттілік бар. 

2029 жылға дейін елордада 80 мектепті қолданысқа беру жоспарланған.

Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 24 мектеп салынады. 

«Қаламызда жыл сайынғы бала өсімі 20 мыңға жуықтайды. Егер бізде 11-сыныпты 10-11 мың бала бітіретін болса, 1-сыныпқа 28-29 мың бала келіп жатыр. Болжам бойынша 2027 жылы елорда оқушыларының контингенті 330 мыңнан, ал педагогтерге қажеттілік 3 мыңнан асады», — деді спикер. 

Орын тапшылығы мәселесін шешу мақсатында 2018 жылдан бері педагогикалық мамандықтарға Астана қаласы әкімдігінің грантын бөледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!