Елордадағы Nursultan жазулары демонтаждала бастады. Әлеуметтік желілерде «Нұржол» желекжолы бойындағы әріптердің орнынан алынып жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сондай-ақ, желіде Ботаникалық бақтағы Nur-Sultan жазуының да алынып жатқан фотолары пайда болды.
Еске салсақ, кеше Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы деп өзгерту туралы» Жарлығы жарияланды.
Бұдан бұрын Президент «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Аталған Заң Парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданған.
Айта кетсек, Ата Заңның 5 бабына өзгерістер енгізіліп, 1 бап қосылды. Заңнама негізінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгертілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!