Енді қазақстандық ата-ана баласы есірткі қолдана ма, жоқ па өздігінен тексере алады. Елде “Әр үйге – тест” атты бастама іске қосылды. Аталған тестілер 48 түрлі тыйым салынған затты анықтай алады және дәріханаларда сатылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл бастаманың негізгі мақсаты отбасыға мәселені ерте анықтауға көмектесетін құрал беру. Ата-ана  жасөспірімді сол арқылы тәуелділік асқынып кетпей тұрып құтқара алады. 

“Біздің ұстанымымыз – бақылауды мемлекет емес, ата-ана жүргізуі тиіс. Ата-ана баласының есірткі қолданатынын неғұрлым ерте білсе, оны құтқару, тиісті ем бастау немесе психологиялық түзету шараларын қолдану мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады”, – дейді Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов. 

Бір тесттің бағасы 4,5 мың теңгеден басталады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, үйде тексерудің өзі жасөспірімге психологиялық тосқауыл қалыптастырады. Экспресс-тест жүйелері қазір дәріханаларда сатылып жатыр. 

Мамандардың айтуынша, профилактикалық шаралардың күшейтілуі бекер емес. Себебі синтетикалық есірткілер ұзақ емделуге мүмкіндік бермейді. 

Дәрігерлердің сөзінше, жаңа психоактивті заттардың у деңгейі өте жоғары. Ол ми мен ішкі ағзаларды тез зақымдайды. 

“Қазір тәуелділік әлдеқайда тез қалыптасады. Көбіне адам бірінші немесе екінші қолданудан-ақ тәуелді бола бастайды. Синтетикалық есірткілер өте улы. Асқынулар негізінен жүйке жүйесіне әсер етеді. Ішкі ағзалар, әсіресе ми мен бауыр қатты зардап шегеді”, – деді Астана қаласы қабылдау бөлімі мен қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Данияр Айтқожин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!