2030 жылға дейін Қазақстандағы автокөлік жуу орындары суды қайта пайдалану жүйесіне көшуі тиіс. Бұл талаптар туралы кәсіпкерлерге жергілікті коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері хабарлаған. Олар мұны табиғи ресурстарды үнемдеу қажеттілігімен түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.

Шілде айынан бастап елде жаңартылған Су кодексі қолданысқа енгізілді. Құжат табиғи ресурстарды анағұрлым ұтымды пайдалануды көздейді. Негізгі бағыттардың бірі – суды көп көлемде тұтынатын нысандардың қызметін реттеу. Бұл тізімге автожуу орындары да енді.

Жаңа талаптарға сәйкес, олар кезең-кезеңімен айналымды су жүйесіне көшуі қажет. Оның жұмыс істеу қағидаты қарапайым: пайдаланылған су көпсатылы тазалаудан өтіп, қайта қолданылады.

«Біз қаладағы барлық автожуу орындарына түгендеу жүргізіп, олардың тәуліктік су тұтыну көлемін анықтадық және айналымды су пайдалану жүйесін енгізу жөнінде арнайы нұсқамалар бердік. Бұл талаптардың орындалуы кәсіпорнымыздың бақылауында болады», деді «Семей су арнасы» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Талғат Мадияров.

Автожуу орындарының иелері суды үнемдеп пайдалану идеясын қолдайтынын айтқанымен, мұндай жүйені енгізу оңай емес. Біріншіден, жабдық қомақты қаржыны қажет етеді: сапалы қондырғының ең төменгі құны 1 миллион теңгеден басталады. Жүйенің бағасы қуатына және сүзу түріне байланысты. Екіншіден, жабдықты орнату үшін ғимаратты қайта жөндеу қажет.

«Бұл – жабдықты орнату шығындары, жабдықтың өзін сатып алу, оған қоса сүзгілерді ауыстыру. Олар айына бір рет емес, бірнеше рет ауыстырылады. Ал олардың құны да арзан емес», деді автожуу орнының әкімшісі Елена Гурьева.

24.kz мәліметінше, Семей қаласындағы автожуу орындарының ең төменгі айлық су тұтыну көлемі – 70 текше метр. Ал ірі автожуу кешендері айына 250 текше метрге дейін су жұмсайды. «Су арнасы» қызметкерлерінің айтуынша, жаңа технологияларға көшу су тұтынуды кемінде үштен біріне қысқартуға мүмкіндік береді.

Мұндай жабдықты орнату техникалық дайындық пен қосымша қаржыны талап етеді. Сондықтан қазіргі таңда кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылып жатыр. Бұл қайтарымсыз гранттар беру немесе төмен пайызбен несие ұсыну болуы мүмкін.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!