Бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жеңілдетілген автонесиенің шарттары анықталғанын мәлімдеді.
Соңғы бекітілген шартқа сәйкес, көліктің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы қажет, деп хабарлайды Экспресс К.
Сонымен жеңілдетілген автонесие сәуір айының соңында беріле бастайды. Бір адамға ең көбі 10 миллион теңге кредит беріледі. Оның бастапқы жарнасы — 0 теңге. Несиені 7 жылға дейін 4 пайызбен рәсімдеуге болады.
Елімізде пайда болған жаңа автонесие бойынша көліктің бағасы 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Яғни 15 миллион теңге тұратын көліктің 10 миллион теңгесін кредитке, қалған 5 миллион теңгенісін өз қалтаңыздан қоса аласыз.
Маңыздысы: бұл автонесиеге тек Қазақстанда құрастырылған көлік сатып алуға болады. Сонымен 10 миллион теңгеге алуға болатын 7 көлік маркасының 24 моделі келесідей:
Автонесиеге Lada брендінің мынандай модельдерін алуға болады: Granta (3,7 млн теңгеден бастап), Niva Legend (5,3 млн теңгеден бастап), Niva Legend 5D (5,7 млн теңгеден бастап), Largus (6 млн теңгеден бастап), Niva Travel (6,6 млн теңгеден бастап), Vesta (5,8 млн теңгеден бастап) және XRAY (6,3 млн теңгеден бастап).
Chevrolet маркасынан: Spark хэтчбегі (5 млн теңгеден бастап), Cobalt және Nexia седандары (5,7 және 5,4 млн теңге), сондай-ақ Tracker кроссовері (9,4 млн теңгеден бастап).
Жеңілдетілген автонесиеге танымал Kia мен Hyundai маркаларын да сатып алуға болады. Біріншісінен, Picanto хэтчбегі (7 млн теңгеден бастап) мен Rio седаны (7,3 млн теңгеден бастап). Екіншісінен, Accent (6,7 млн теңгеден бастап) пен Elantra седандары (8,4 млн теңгеден бастап), сондай-ақ Creta кроссовері (9,1 млн теңгеден бастап).
Қытайлық JAC көліктерінен: J7 лифтбегі (8,4 млн теңгеден бастап), сондай-ақ S3 (7 млн теңгеден бастап) пен S5 кроссоверлері (8 млн теңгеден бастап).
Renault көліктерінің әзірге 3 моделі бар: Arcana (8,3 млн теңгеден бастап), Duster (7,4 млн теңгеден бастап) және Kaptur ықшам кроссоверлері (7,9 млн теңгеден бастап).
Бұдан бөлек жол талғамайтын көліктердің арасынан УАЗ Hunter (7,3 млн теңгеден бастап) мен Patriot (8,4 млн теңгеден бастап) сатып алуға болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!