Фото: ҚР Парламенті Мәжілісі

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Еңбек нарығындағы жаңашылдықтарға бейімделу үшін қандай заңнамалық өзгерістер болғанын айтып берді.

– 2023-2024 жылы біз еңбек нарығының заңнамалық тетіктерін қалыптастырдық. Бүгінде еңбек нарығы қалай дамыса, елдің экономикасы соған қарай дамып отырады. Үлкен мәселе – еңбек нарығының сапасы болып отыр. Сондықтан былтыр біз кәсіптік біліктілік туралы бөлек заң қабылдадық. Енді бір диплом алып, бір мамандықпен өмір бойы жұмыс істеу мүмкін емес. Өйткені әлем өзгеріп жатыр, экономика өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект бізге келе қойған жоқ, бірақ алдағы 5 жылда біздің ұрпағымыз жасанды интеллектпен бәсекеге түседі, сондықтан еңбек нарығы түбегейлі өзгереді, – деді Ж. Сүлейменова Kazinform агенттігінің «Bizdin orta» подкастында.
Оның айтуынша, кәсіптік біліктілік туралы заңда осы дағдыларды, біліктілікті арттыру үшін әрбір өңірде сертификаттау орталықтарын іске қосу, жаңа жұмыс орындарын ашу, әрбір өңірдің өз еңбек нарығын саралау мүмкіндігі бекітілген.

Осы заңнан кейін Үкімет 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын реттеуге байланысты үлкен концепция қабылдады. Бұрын бір орталықтан еңбек нарығын саралайтын бір ғана Еңбек министрлігі болса, қазір әрбір салалық министрлік өзінің өңірлік бөлінісіндегі кадр тапшылығын, кадр сұранысын, жұмыс өзгешеліктерін өздері реттеп отырады.

– Тағы бір үлкен мәселе – былтыр такси, жеткізу қызметі секілді платформалық жұмысшылар тарапынан келіспеушіліктер болды. Сондықтан біз «Яндекс такси» компаниясымен өз платформасына тіркелген жұмыскерлердің әлеуметтік, салықтық төлемдерін төлету мәселесін қарастырдық. Бұған дейін такси жүргізушілері мен курьерлердің салығына, медициналық сақтандыруына байланысты көп сұрақтар болатын. Олар мемлекет тарапынан берілетін зейнетақы мен әлеуметтік жарналардан қағылып отырды. Бұл еңбек нарығының теңгерімсіздігіне алып келді. Осы мәселені шешу үшін екі заңнамалық шешім қабылданды, – деп толықтырды Мәжіліс депутаты.


Осыған дейін Мәжіліс депутаты колледждерде шабандоз бен атбегі дайындауды ұсынған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!