SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда енді шетелдік те, отандық та фильмдер прокатқа шығарылмас бұрын арнайы Сараптама комиссиясының сүзгісінен өтеді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді.

Үкімет әзірлеген тиісті түзетулерді Мәжіліс 2025 жылдың соңында қабылдаған. Қазіргі таңда құжат Сенаттың қарауында жатыр.

Премьер-министрдің жауабына сәйкес, түзетулер күшіне енген соң кинотеатрларда көрсетілетін барлық фильмдер алдын ала сараптамадан өтеді. Сонымен қатар елдегі фильм прокатына мониторинг күшейтіледі. Мәдениет және ақпарат министрлігі заң талаптарының сақталуын бақылап қана қоймай, ұлттық бірлікті нығайтатын мазмұндағы контентті көбейтуге басымдық береді.

Бұл бастамаға Мәжіліс депутаттарының алаңдаушылығы түрткі болған. Атап айтқанда, кинотеатрларда көрсетілген «Руың кім?» фильмі қоғамда кең талқы туғызып, сынға ұшырады.

Депутат Ерлан Саировтың айтуынша, соңғы жылдары жекелеген контент өндірушілер мен кәсіпкерлер рулық сананы коммерциялық құралға айналдырып, оны «бренд» пен «маркетингтік өнім» ретінде насихаттауда. Әлеуметтік желілерде жастарға рушылдық психологияны таңатын контенттің күрт көбеюі ұлттың тұтастығына тікелей қауіп төндіреді.

Осыған байланысты сынға қалған «Руың кім?» фильмі 2025 жылғы 18 желтоқсаннан бастап прокаттан алынды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!