Енді ипотекасы бар қазақстандықтар қаржылай қиындықтарға тап болса, қарызын төлеуді уақытша тоқтата алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Азаматтың қаржылық жағдайы жақсарғанға дейін берешегін өтеу мерзімі шегеріледі. Ең бастысы қарыз алушы төлем қабілетінен айырылғанын дәлелдей алуы қажет.
Несиелік демалыс берілетін жағдайлар әртүрлі: жұмыссыз қалу, табыстың азаюы, декреттік демалыс. Кірісі күрт кеміген немесе қиын жағдайда қалған жандар несиесін кемінде үш айға шегере алады. Бұл мүмкіндікті табиғи апаттар мен төтенше жайттардан зардап шеккен тұрғындар да пайдалануға құқылы. Ол үшін барлық мән-жайды түсіндіріп, нақты дәлелмен құжаттарын ұсынса болғаны.
Мамандардың айтуынша, ипотекалық демалысты бір рет емес, екі рет алуға болады. Бірақ бұл қарыздан босату емес, тек уақытша жеңілдік.
“Тек әлеуметтік жағдайлардан емес, жеке қаржылық қиындық көрсеңіз сол себептен де сізге демалыс бере алады. Тек ауызша айту жеткіліксіз. Сізде ресми құжаттар болуы керек. Мысалы жұмысыңыздан айырылып қалғаныңызды немесе баланың туу туралды куәлігі, әскери қызметке барғаныңызды, одан басқа ресми құжаттар керек”, – дейді қаржыгер Расул Рамазан.
Сарапшы несиелік демалыс беру тәртібі әр қаржы ұйымында әртүрлі екенін айтады. Оның айтуынша, көбіне өтініш несиені 6 ай не 1 жыл бойы кешіктірмей төлеген кезде ғана қабылданады.
Ипотекалық демалыс қарыздан құтылудың жолы емес. Тіпті борыштық жүктеме еселеп өсуі мүмкін, жеңілдікті қолданбас бұрын, ойланған жөн дейді сарапшылар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!