SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда теміржол вокзалдарында мүгедектігі бар жолаушыларға арналған жаңа сүйемелдеу қызметі іске қосылды.
Ұлттық тасымалдаушы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның «Магистральдық желі дирекциясы» филиалымен бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы сервисті пайдалануға берді. Қызмет жолаушыға вокзал аумағында және сапардың барлық кезеңінде – автокөліктен вагонға дейін және кері бағытта толық сүйемелдеу көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа жүйе арқылы вокзал қызметкерлерінің көмегін алдын ала онлайн рәсімдеуге болады. Ол үшін өтінім bilet.railways.kz сайтында билет сатып алу кезінде беріледі.
Қазіргі кезде сервис арнайы арбалармен жабдықталған 57 вокзалда қолжетімді. Егер таңдалған вокзалда қызмет уақытша көрсетілмесе, билет рәсімдеу барысында тиісті таңдау батырмалары автоматты түрде көрінбейді.
Сүйемелдеу қызметін алу үшін жолаушы билет сатып алу кезінде «Мүгедек» опциясын таңдап, жеке сәйкестендіру нөмірін және мүгедектік туралы анықтаманың нөмірін көрсетуі тиіс. Сондай-ақ қажетті көмек түрлері алдын ала белгіленеді.
Қызмет аясында пойыз жөнелтілер алдында және пойыздан түсу кезінде вокзал қызметкерінің сүйемелдеуі, сондай-ақ арнайы арбамен қамтамасыз ету қарастырылған.
Өтінімді алдын ала беру вокзал қызметкерлеріне жолаушының келуіне дер кезінде дайындалып, сапардың барлық кезеңінде үздіксіз әрі толық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін теміржол билеттеріне арнайы жеңілдіктер сақталады. Әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолақы құны 50 пайызға арзандатылады. Ал коммерциялық «Тальго» пойыздарындағы арнайы купелерге, оның ішінде ілесіп жүретін адамға арналған орынға да 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Қосымша мәліметті 1433 тегін байланыс нөмірі арқылы немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның ресми Instagram парақшасынан білуге болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
