Сенатта “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң талқыланды. Құжат аясында білім саласында өзгеріс болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң мәдениет, білім, отбасы және мемлекеттік бақылау саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
Сенатор Талғат Жүнісов білім саласында қандай өзгеріс болатынын атады.
Олар:
- халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздары мен оларды дайындаған педагогтерге біржолғы төлемдер беру;
- мемлекеттік тапсырыс есебінен оқыған, мемлекеттік жәрдемақы алушылар болып табылатын және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған немесе бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын адамдарды міндетті түрде өтеуден босату;
- шетелдік резидентурада, магистратурада, аспирантурада және докторантурада оқыған азаматтар үшін мемлекеттік грантты міндетті өтеу мерзімін кейінге қалдыру;
- мемлекеттік мектептерді салу және күрделі жөндеу бөлігінде білім беру саласындағы уәкілетті органның және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері нақтыланды;
- білім беру саласындағы уәкілетті органның бірінші сынып оқушыларына арналған бейімдеу бағдарламасын және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесін бекіту, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын саралау бөлігінде құзыреттерін кеңейту;
- жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін бағалау әдістемесін, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындарының және (немесе) олардың филиалдарының қызметі қағидаларын және олардың нысандарын бекіту бойынша ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның құзыреттерін кеңейту ұсынылады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
