Енді Қазақстанда декреттік демалысқа шыққан ер адамдардың бала күтуге кеткен жылдары ресми түрде оның жұмыс тәжірибесі болып саналады. Конституциялық сот тиісті түсіндірме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Конституциялық Сот бір азаматтың өтініші негізінде Әлеуметтік кодекстің 208-бабы 1-тармағы 8) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексерген. Бұл бапқа сай жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жұмыс істемейтін анаға ғана жас балаларға күтім жасау уақыты есептелетін еді. Бірақ, кезінде науқас баласын қарау үшін жұмыстан шыққан ер адам бұл норма адам құқығына қайшы деп, Конституциялық сотқа жүгінген.

«Өтініш берген адамның пікірінше, Кодекстің бұл ережесі балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу мәселелерінде ата-ананың екеуінің де тең құқығы бар деген қағидаға қайшы келеді. Ұлы туғаннан кейін екі айдан кейін азамат медициналық қорытынды негізінде оның ауыр жағдайына, сондай-ақ баланың анасы денсаулығына байланысты уақытша баласына қарай алмайтынына байланысты ұлына күнде ем-дом жасау үшін жұмыстан шыққан. Бірақ, оның жас ұлына күтім жасаған уақыты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде есептелмеген. Ол кісі сотқа арызданғанымен, сот қолданыстағы әлеуметтік кодексте бұндай құқық тек әйелдерге ғана берілетінін алға тартып, оның арызын қанағаттандырмаған. Сондықтан, ер адам Конституциялық сотқа жүгінген», – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі. 

Материалдар мен заңнаманы зерделей келе, Конституциялық Сот Конституцияға сәйкес балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті, ал неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекет қорғауында болады деп көрсетті.

«Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшерінде, жасына байланысты, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздер бойынша әлеуметтік қамсыздандырылуға кепілдік беріледі. Жас балаға күтім жасау ерекше қамқорлық мен қорғауды талап етеді, бұлар оның қалыпты физикалық, ақыл-ой, адамгершілік және психологиялық тұрғыдан дамуы үшін қажет. Бала өмірінің осы кезеңінде объективті жағдайларға байланысты ата-ана өзінің еңбек ету құқығынан шектелуі мүмкін. Тексере келе Конституциялық Сот жұмыс істемейтін ата-анаға жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін есептеу кезінде жас балаларға тікелей күтімді жасаған уақыты есептеледі», – деп хабарлайды сот.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!