SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Елордада мажар тілін оқыту орындарын ашу туралы құжаттарға қол қойылды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлім етті.
Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийярто елордаға ресми сапармен келді.
Мәртебелі мейманды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды.
— Қазақ-мажар қарым-қатынасы тек цифрлар мен келісімдерден ғана тұрмайды, оның құнды рухани негізі мәдени-гуманитарлық байланыста жатыр. Қазір 1 мыңға жуық қазақстандық студент Мажарстанда білім алып жатыр және жыл сайын 250 грант бөледі. Осы орайда Мажарстан Үкіметіне алғыс білдіреміз. Бүгін дипломатиялық академиялар және мажар тілін оқыту орындарын ашу туралы құжаттарға қол қойылуы әріптестігімізді кеңейтудегі елеулі қадам, — деді Мұрат Нұртілеу ресми кездесуден кейін БАҚ өкілдері алдында мәлімдеме жасай тұрып.
Одан бөлек, кездесу барысында Қазақстан ядролық физика институты мен Будапешттегі энергетикалық зерттеулер орталығымен байланысты құптап, ғылым саласында маңызды жобаларды қолға алуға келісті.
— Бауырлас халқымыз бен бизнестің дамуына мамыр айында ашылатын Шымкент-Будапешт тікелей әуе рейсі сүбелі үлес қосатынына кәміл сенемін, — дейді министр.
Еске сала кетсек, биыл 17 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық серіктестікке оң баға берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!