Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстандағы мобильді аударым ережелерін өзгертті. Енді клиент ақша аударып жатқан уақытта телефонмен сөйлессе, банктер аударымды бұғаттауға міндетті. Бұл шара телефон арқылы жасалатын алаяқтықпен күресуге бағытталған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда банктер мен микрокаржы ұйымдары үшін қауіпсіздік талаптары жаңартылып жатыр. Тиісті қаулыны ҚНРДА бекітті. Негізгі жаңалықтардың бірі – телефонмен сөйлесу кезінде аударым жасауға тыйым салу.
Енді аударым жасау кезінде телефонның микрофоны қосылған болса, банк қосымшасы ақша операцияларын автоматты түрде бұғаттайды. Сонымен қатар, құрылғыны қашықтан басқару белгілері анықталған жағдайда қосымша кейбір функцияны өшіреді немесе операцияны толық тоқтатады.
Бұдан бөлек мынадай өзгерістер бар:
- Жаңа құрылғыдан кірген кезде клиентті биометриялық деректер арқылы сәйкестендіру;
- Барлық өзгеріс туралы клиентке хабарлау;
- Ақша аудару кезінде құрылғының геолокациясын сұрату (клиенттің келісімімен), т.б.
Құжат алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күннен соң күшіне енеді, ал банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты өзгерістердің негізгі бөлігі 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
