SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін қорғауды жетілдіру шаралары қолға алынады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев үкімет отырысында мәлімдеді.

Министр атап өткендей, жаңа Конституцияда азаматтардың жеке өміріне және жеке деректеріне қатысты құқықтары нақты бекітілген. 21-бап бойынша «Жеке өмірге, жеке және отбасылық құпияға қол сұғылмауы, сонымен қатар жеке деректердің заңсыз жинауы, өңдеуі, сақтау және қолданылуына, соның ішінде цифрлық технологиялар арқылы қол сұғылмауына құқық заңмен қорғалады» деп көрсетілген.

Осы норманы жүзеге асыру мақсатында Әкімшілік құқық бұзушылықтар және Қылмыстық кодекстерге, сондай-ақ жеке деректер мен киберқауіпсіздікке қатысты заңдарға түзетулер енгізіледі.

Бірінші бағыт – деректерді қорғаудың заманауи құралдарын енгізу: маскирлеу, хэштеу, мемлекеттік базалардан ақпаратты шектеулі шығару. Интеграцияланған жүйелерге басымдық беріледі, ал деректерді сыртқа шығару тек заңмен нақты белгіленген жағдайларда рұқсат етіледі.

Сондай-ақ операторлар мен сенімді шетелдік деректер қабылдаушылардың тізілімі жасалады, кибермәдениет деңгейін көтеру жұмыстары жүргізіледі.

Екінші бағыт – жауапкершілікті арттыру. Операторлар деректердің ағып кетуі немесе өңдеуді бастау фактілері туралы уәкілетті органға және азаматтарға хабарлауға міндеттеледі. Сонымен қатар, ірі деректер тарап кетуі үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұлдарды 5000 АЕК-ке дейін көбейту қарастырылып отыр.

Бұл шаралар жеке деректерді қорғауды жүйелі түрде күшейтіп, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!