Қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен пайдалануы үшін сенімгерлік басқаруға беру туралы нормалар енгізіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында тиісті заң жобасын талқалау кезінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Волонтерлік және қайырымдылық қызметке тоқталған ол, қайырымдылық және волонтерлік ұйымдары мемлекеттік мүлікті жеңілдікпен пайдалануы үшін сенімгерлік басқаруға беру туралы нормалар енгізілгенін айтты.

«Қайырымдылық субъектілерін ынталандыру мақсатында, оларға құрметті атақтар беру тетігі көзделген. Қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган ұғымы енгізіліп отыр. Оның қызметі қайырымдылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, салааралық үйлестіруді қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталады», – деді вице-министр.

Оның айтуынша, бизнесті волонтерлік пен қайырымдылыққа қатысуға ынталандыру үшін заң жобасына корпоративтік волонтерлік пен корпоративтік қайырымдылықты регламенттейтін нормалар енгізілді.

«Сөз жоқ, бұл ірі мекемелердің корпоративтік жауапкершілігін арттырады», – деді Б. Тілепов.

«Еріктілерге азаматтық қызметке орналасу кезінде артықшылықтар беріледі. Атап айтқанда, мемлекеттік мекемелерге, қазыналық кәсіпорындарға жұмысқа орналасу кезінде конкурстық комиссия кандидаттың волонтерлік тәжірибесін ескереді. Бұған ұқсас ынталандыру шаралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметке кіру кезінде қарастырылған», – деді вице-министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!