1993 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрам атқыштар батальоны құрылды. Сегіз жылға созылған ұрысқа сегіз жарым мың қазақстандық қатысып, оның 46-сы ажал құшты.100-ге жуық сарбаз жараланды. Бітімгершілік операциясына Сыр өңірінен 400-ге жуық жерлесіміз аттанды.

Жыл сайын еліміз бойынша 7 сәуір Тәжік-Ауған жеріндегі бітімгершілік операциясында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Атаулы күнге орай облыс орталығында қанды қақтығыста көз жұмған жауынгерлердің еске алу мен ардагерлерді ардақтауға бағытталған шара өтті.

Аталған шараға қала әкімінің орынбасары Б. Нұридинов, Ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Дүйсенбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Е. Уәйіс, тәжік-ауған ардагерлері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері қатысты.«Отанға қажет кезде жауынгерлік саптан табылған батырларымыздың өмірі бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Бүгін біз жат жердегі қырғи қабақ соғыста көз жұмған ағаларымыздың рухына бас иіп, тағзым етеміз.

Қазақ қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген халық. Сондықтан, азаматтық пен батырлықтың биік үлгісін көрсеткен сарбаздар ерлігі қашанда ел есінде.

Бүгінде кең байтақ қазақ елі берекелі бірлік пен тату тірліктің Туын жықпай, өздеріңіздей елім деген ерлері, халқым деген қайсар азаматтарының ерен ерлігі мен еселі еңбегінің арқасында егемен ел болып отыр» – деді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!