Мароккодағы жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны күн санап өсуде. Жексенбі күні кешке ел билігі 2122 адамның қайтыс болғанын хабарлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AIF басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғаламторда жер сілкінісі басталардан бірнеше минут бұрын Марокко аспанында «мистикалық сәулелер», яғни көк түсті жарық пайда болғаны көрсетілетін бейнелер тарап жатыр. Олардың айтуынша, осы жылдың ақпан айында Түркияда болған жойқын жер сілкінісі кезінде де дәл осындай жағдай болған.
Табиғи апат 8 қыркүйекте жергілікті уақыт бойынша сағат 23:11-де болған. Жерасты дүмпулері Марокконың көптеген қалаларында, сондай-ақ Испания, Португалия, Алжир және басқа елдерде сезілді.
Жер сілкінісінің ошағы 18,5 шақырым тереңдікте орналасқан. Магнитудасы 6,9 деп бағаланды. Ол Мароккода соңғы 123 жылда болған ең ірі табиғи апат.
Куәгерлердің айтуынша, соққы шамамен 20 секундқа созылған. Жер сілкінісі жаппай қирауға әкелді. Марракештің тарихи ескерткіштері қирап, XII ғасырға жататын қала қабырғалары бүлінді.
Жер физикасы институтының сейсмикалық қауіптілік зертханасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы Алексей Завьялов Мароккодағы табиғи апатқа қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, орта есеппен жылына 6,0-6,9 баллдық 125-130 жер сілкінісі болатынын хабарлады.
«Жер сілкінісінің ошағы Атлас тауларында болды. Бұл Марокконың Атлант мұхиты жағалауынан Тунистің Жерорта теңізі жағалауына дейін созылып жатқан ішкі тау белдеуі.
Солтүстік Африканың бір бөлігі бұрыннан сейсмикалық белсенді аймақ ретінде белгілі. Рас, ол біздің Камчатка, Сахалин, Курил аралдары сияқты белсенді емес. Бірақ африкалық және еуразиялық плиталар сонда кездеседі. Олардың соқтығысуы жер сілкінісіне әкеледі.
Тек Марокко ғана емес, Египет пен Тунис сияқты елдерге де қауіп төніп тұр. Негізінде ол Африканың бүкіл Жерорта теңізі жағалауын және Марокконың Атлант жағалауын қамтиды. Бұлардың барлығы сейсмикалық белсенді аймақтар.
Орта есеппен жылына 6,0-6,9 баллдық 125-130 жер сілкінісі болады. Олардың көпшілігі мұхитта немесе адам өмір сүрмейтін жерлерде болғандықтан, назардан тыс қалып жатады. Ақырында, планетада жылына орта есеппен магнитудасы 8-ден асатын бір сейсмикалық оқиға болады. Биыл бұл әлі болған жоқ, ерте ме, кеш пе, бір елде болуы мүмкін» – деді Завьялов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!