Атыраулық шебер су тасқыны кезінде көпшілікке бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің темірден жасалған мүсінін ешкім керек етпей отыр деп дабыл қақты. Massaget.kz тілшісі шебермен байланыс орнатып, жағдайдың жай-жапсарын білді.
Шебер туралы не белгілі?
Азамат Кенжеғалиев – Атырау облысы, Жаңақала ауданының тумасы. Қазіргі таңда Индер ауданында тұрады. Темірден түйін түйген шебер әртүрлі туындылар жасауды кәсіп етіп отыр. Солардың бірі – ел назарын аударған Пшөннің мүсіні.
сурет: шебердің жеке архивінен
«Пшөн – су тасқыны кезінде елге ерлігімен танылған тіршілік иесі. Оның мүсінін жасаудағы мақсатым – жануардың адалдығын адамдарға түсіндіру, осы оқиға туралы естелік қалдыру еді. Пшөннің атылуы көптің жанын жаралады. Мен де оның есімі ел есінде қалғанын қаладым. Солайша өзімде тұрған жүрекше темірлерді пайдаланып, иттің мүсінін жасауға кірістім» деп жауап берді Азамат Кенжеғалиев.
«Ешкім керек етпей отыр»
Шебер Пшөннің естелік мүсінін бір ай ішінде жасап шыққан. Басында Азамат мырзаның ниетіне қолдау білдіргендер көп болған. Қазір дайын болған туындыға ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ дейді ол.
«Әкімдіктегі таныс-білістеріме мүсіннің дайын болғанын айтқан едім. Көбі «итке арнап ескерткіш қою ерсі» деп еренсіз қалдырып отыр. Мен оларға ескерткіш қылып қой деп жатқан жоқпын. Соны түсінсеңіздер. Ескерткіш – тарихи шынайы оқиғаға, тұлғаға арналатын, ресми ұғымды білдіретін мәнге ие дүние. Ал Пшөннің мүсіні жай естелік мақсатында жасалған шығармашылық туынды. Оны ескерткішпен шатастырмаңыздар» дейді шебер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!