Қазақстан ет өнімдерінің экспортын арттыру мақсатында мал шаруашылығын қолдауды күшейтіп жатыр. Елде жылдық мөлшерлемесі 5-6% болатын жеңілдетілген несиелер іске қосылып, асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидия көлемі 525 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар бордақылау алаңдарын салуға жұмсалатын инвестициялық шығындардың 25%-ы мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл жайлы Ауыл шаруашылығы министрлігі BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа шаралар 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қарастырылған. Бағдарлама ет өндірісін арттыруға және экспорт көлемін ұлғайтуға бағытталған.
Биылғы наурыз айынан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған жеңілдетілген қаржыландырудың жаңа құралдары енгізіледі. Атап айтқанда, жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуға арналған 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие бағдарламасы іске қосылады.
Асыл тұқымды мал басын жаңарту және олардың генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында жоғары өнімді мал сатып алуға 6% мөлшерлемемен ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске асырылады, – деп жауап берді министрлік.
Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар айналым қаражатын толықтыру үшін 5% жылдық мөлшерлемемен несие ала алады.
Айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несие бағдарламасы арқылы шаруашылықтар жем-шөп сатып алуға, ветеринариялық препараттар алуға, жанар-жағармай шығындарын өтеуге, қызметкерлердің жалақысын төлеуге, сондай-ақ техника мен жабдықтарға арналған қосалқы бөлшектер сатып алуға қаржы бағыттай алады, – деді министрліктегілер.
Ведомство өкілдері дәл осындай жеңілдетілген несие тетігі 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бордақылау алаңдары мен құс фабрикалары үшін қолданылып келе жатқанын атап өтті.
Несие құралдарынан бөлек, елде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға арналған субсидиялау жүйесі де жұмыс істейді.
Мысалы, ірі қара малдың ет бағытындағы шаруашылықтарына малды бордақылау алаңдарына немесе союға өткізген кезде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Қолданыстағы субсидиялау қағидаларына сәйкес ет бағытындағы ірі қара малмен айналысатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне еркек малдың құнын арзандату түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Субсидия нормативі тірі салмақтың әр килограмына 300 теңгені құрайды, – делінген министрліктің берген жауабында.
Сонымен қатар 2025 жылдың соңында асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидиялар едәуір ұлғайтылған.
2025 жылғы 18 қарашада субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіліп, ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара мал сатып алуға берілетін субсидия мөлшері 75%-ға арттырылды, – деп хабарлады министрлік.
Қазіргі уақытта отандық асыл тұқымды аналық мал мен бұқа-өндірушілерді сатып алуға бір басқа 260 мың теңге көлемінде субсидия қарастырылған.
Ал импорттық асыл тұқымды малға берілетін субсидия көлемі сатып алынған елге байланысты 390 мың теңгеден 525 мың теңгеге дейін жетеді.
Бұдан бөлек, салаға инвестиция салатын кәсіпкерлерге де қолдау бар.
Мал бордақылау нысандарын құру және кеңейту жобасы аясында инвестициялық шығындардың 25%-ы мемлекет тарапынан өтеледі,– деп түсіндірді министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары саланың шикізаттық базасын кеңейтуге, мал өнімділігін арттыруға және өңдеу саласын дамытуға бағытталған.
Бұл шаралар алдағы жылдары ет өндірісін тұрақты түрде өсіріп, Қазақстанның ет өнімдері экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
