Катарда өтіп жатқан футболдан Азия кубогы финалына шыққан екі құрама белгілі болды.
6 ақпанда жартылай финалда Иордания мен Оңтүстік Корея құрамалары кездесті. Иордания футболшылары құрлықтық додаға биыл бесінші мәрте қатысып отыр. Алғаш рет 2004 жылы доп додасында бақ сынаған олар әзірге ешқандай жетістікке жеткен жоқ еді.
2004, 2011 жылдарда ширек, 2019 жылы 1/8 финалға шықса, 2015 жылы топтық кезеңнен аса алған жоқ. Биылғы додада топтық кезеңде Малайзияны (4:0) жеңсе, Оңтүстік Кореямен (2:2) тең түсіп, Бахрейнге (0:1) есе жіберді.
Одан кейінгі кезеңде Иракты (3:2), Тәжікстанды (1:0) сүріндіріп, жартылай финалда Оңтүстік Кореяны (2:0) орта жолда қалдырып кетті. Тағы бір жартылай финалда Қатар мен Иран құрамалары шеберлік байқасты.
Кездесу барысында ирандық Сердар Азмун 3-минутта есеп ашса, одан кейін қатарлық Джассем Абулсаллам 17, Акрам Афиф 43-минутта мергендік танытты. Ал 53-минутта ирандық Алиреза Джаханбакш пенальтиден таразы басын теңестірсе, Алмоез Али 82-минутта Қатарды алға шығарды.
Осылайша Катар қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды. Олар 2019 жылы Азия чемпионы атағын жеңіп алған еді. Финал 10 ақпанда Лусаил қаласындағы «Лусаил» стадионында өткізіледі.
Азия кубогы ойындары 1956 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Қазірге дейін Жапония – 4, Сауд Арабиясы мен Иран – 3, Оңтүстік Корея – 2, Израиль, Кувейт, Австралия, Ирак, Катар 1 реттен чемпион атанды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!