Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform
KAZINFORM — Германияда Жаңа жыл қарсаңында тұрғындардың отшашу пайдалануына тыйым салу мәселесі қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды DW.
Бұл қадамға медициналық қауымдастықтың шағымы себеп болды. Мерекеде жедел жәрдем бөлімшелерінде жүктеме шамадан тыс артып, жарақаттанғандар саны көбейеді. Алайда пиротехникалық бұйымдармен айналысатын мамандар мәселе заңды отшашулардан емес екенін айтты.
Неміс пиротехниктер және көркем отшашулар қауымдастығының (bvpk) басшысы Кристоф Крёпль жазатайым оқиғалар тек заңсыз отшашулардың салдарынан болатынын атап өтті.
Оның айтуынша, сатуға рұқсат етілген отшашулар қатаң сынақтан өтіп, қуаты мен көлеміне шектеу қойылған. Рұқсат берілген жаңажылдық отшашулар мәселені ампутацияға дейін апармайды.
Алайда ол қауіпті заңсыз отшашулар бұрынғыдан да қолжетімді екенін мойындады. Сондай-ақ мәселеге саясаткерлер жаппай тыйым салудан гөрі, жағдайды ұдайы бақылап, қолданыстағы заңдарды орындауы керек екенін ескертті.
Бұған дейін Германияның Федералдық медициналық қауымдастығы отшашуларға толық тыйым салуға шақырған. Ұйымның президенті Клаус Райнхардт жаңа жыл қарсаңында елде пиротехникадан жарақат алатындар көбейіп, ауыр күйік шалу фактілері тіркелгенін, бұл ауруханаларды шекті деңгейге жеткізгенін атап өтті.
Ал Кристоф Крёпль медицина қызметкерлерінің жұмыс жүктемесінің басты себебі отшашу дегенге келіспейді. Ол мерекелік маусымда алкогольді көп тұтыну әлдеқайда үлкен рөл атқаратынын айтты.
Германияның көлік министрі Патрик Шнидер де отшашуларға тыйым салуға қарсы шықты. Ол барлық мәселені тыйым салумен шешуге болмайтынын айтып, Жаңа жыл қарсаңында отшашуды ұйымдастыру Германияда бұрыннан бар дәстүр екенін атап өтті. Алайда министр өзі отшашуды жақсы көрмейтінін мойындады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!