Жүз жыл бұрын ел тағдыры Ақмешітке «табан тіреп», тарихтың жаңа беті ашылды. Бүгін, арада бір ғасыр өткенде, сол тарихи сәттің рухы қайта жаңғырып отыр. Халық «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді. Расында да, бұрынғы Ақмешіт пен бүгінгі Қызылорда еңбек пен уақыттың өрнегіне толы ғұмырдың куәсі болды.
Мерейлі мереке қала күнімен тұспа тұс келгені қуанышты еселеп арттырды. Күздің қоңыр салқынына қарамастан, сырбойылықтардың жүрегінде жылулық пен қуаныш басым болғаны рас. Себебі ұйымдастырылған әр іс-шарада ел тарихының ізі мен бүгінгі тынысы бейнеленді.
Мерейтой апталығының шымылдығы 24 қыркүйекте түріліп, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Қызылорда – мерейлі мекенім!» атты тарихи көрме ашылды. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен суреттер мен құжаттар, көне жәдігерлер мен заманауи өнер туындылары Сыр өңірінің өткені мен бүгінін көркем тілмен өрнектеді. Көрмеге келген тұрғындар мен қонақтар тарихты көзбен көріп, жүрекпен сезінді. Сол күні Орталық алаңда «Сыр шеберлерінің жұлдызды құрағы» атты қолөнер көрмесі өтті. Онда өңірдің ою-өрнекке бай, ұлттық нақыштағы бұйымдары, зергерлер мен шеберлердің туындылары жұртшылық назарына ұсынылды. Кейін мерекелік көңіл-күй спорттық рухпен жалғасты. Таңғы сағат тоғызда веломарафон басталып, қатысушылар қаланың басты көшелерін бойлай өтті. Бұл шара – салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, Қызылорданың жаңарған бейнесін паш еткен ерекше акцияға айналды. Ал қазанның алғашқы күндері қала мен ауылдық округтерде «Қарттарға құрмет – ұрпаққа міндет» атты тағылымды кездесулер өтті. Бұл күн – жылылық пен ізеттің, ұрпақтар сабақтастығының мерекесі болды. Ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың өмір жолы мен еңбегі жас буынға үлгі ретінде айтылды. Мұндай жиындарды «Qyzylorda OPEN» республикалық шахмат турнирі жалғастырса, кейін қала орталығында «Қызылорда – жастар қаласы» атты фото көрме-сайысы ашылды. Бұл көрмеде жас суретшілер мен фотографтар туған қаланың әсем келбетін, жастардың жалын мен жігерге толы бейнесін көркем суреттер арқылы көрсетті. 200-ге жуық қатысушының еңбегі көрермен назарына ұсынылып, әр суреттен Қызылорданың тынысы мен заманауи рухы сезілді. Көрме соңында жастар өз тілектерін «Жастар лебізі» тақтасына жазып, қала әкімдігіне тарту етті. Ал кешкісін Сыр сахнасы ерекше толқынысқа толды. Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ибрагим Исаевты еске алу кеші өтті. Әдебиетсүйер қауым жиналған бұл рухани шарада ақынның сыршыл өлеңдері оқылып, өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы естеліктер айтылды. Сонымен қатар «Сыр сазгерлерінің сазды сәлемі» атты ән кеші өтті. «Сәтті 100 қадам» атты танымдық квест өткен күні театр сүйер қауым үшін Алаш қозғалысының ақиқатын арқау еткен «Жас Алаш, Шындық шырағы» тарихи драмасы сахналанды. Мерекелік көңіл күй тек сахна мен мәдени шаралармен шектелмей, қалалық жастар орталығында «Тарихы терең Сыр елі» атты интеллектуалды сайыс өтті. Сайысқа өңірдің белсенді жастары мен студенттері қатысып, Қызылорданың өткені мен бүгінін терең танып, білім мен зерделі ойдың бәсекесінде бақ сынады. Бұл шара жастардың туған жерге деген қызығушылығын арттырып, елжандылық сезімін оятуға бағытталды. Ал «Евразия» спорт кешенінде футзалдан Қазақстан Республикасы Бірінші лигасының ойындары өтті. Додада елдің әр өңірінен келген командалар өзара мықтыны анықтап, көрерменге тартысты ойын сыйлады. Өнерпаз бүлдіршіндер де шетте қалмай, бір мезетте жүзге жуық оқушы Құрманғызының «Балбырауын» күйін орындады.

Осындай маңызды уақытта маңызды салтанатты рәсім де өтті. Иә, иә, 11 мың көрерменге арналған су жаңа стадионымыз ашылды. Футболсүйер қауым сол күні-ақ ел кубогының финалдық матчын тамашалады. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынып, УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Ал Өнер орталығында өткен Елена Әбдіхалықованың «Сағыныш ғұмыр» атты шығармармашылық кеші қала күніне үлкен тарту болды. Бұл жөнінде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев та тілге тиек етті.
– Шығармашылық кешіңіз ұлтымыздың «Қазақ» атауының қайтарылғанына, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толған мерейтойға, Қызылордамыздың төл мерекесі – қала күніне үлкен тарту болды. Сіз әрдайым туған топырақты, халқымыздың өр рухын жырға қосып, мәдениетіміз бен руханиятымызды өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеп келесіз. «Сыр елі – жыр елі» атанған өңірімізде өнерпаздарға қолайлы орта қалыптастыруға, өнерлі, дарынды жастарымыздың шығармашылығын шыңдауға бағытталған маңызды жобалар қолға алынған. Өнер адамдарын, мәдениет майталмандарын қолдауға әрқашан дайынбыз. Төл өнеріміздің туын биікте ұстап, көрерменнің зор құрметіне бөлене бергейсіз! Сізге мықты денсаулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін! – деді Н.Нәлібаев.
Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Абай облысының әкімі Берік Уәли бастаған делегация да облыс орталығындағы жаңа нысандарды аралады. Алдымен қонақтар «Сыр жұлдызы» шығармашылық-инновациялық академиясына барды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық мамыр айында пайдалануға берілді. Академия бір мезетте 500 оқушы, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Сонымен қатар Абай облысынан келген делегация «Анаға тағзым» орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимаратын аралады.

Ал мерейтой мен қала күніне арналған жиындар легінің ең басты іс-шарасы 17 қазанда өткен «Мерейлі мерекеңмен, Қызылорда!» атты гала-концерт болды. Сырдың самалы, түнгі аспандағы отшашу, жарыққа малынған сахна – бәрі де ғасырлық тарих пен бүгінгі қуаныштың тоғысын айшықтап тұрғандай еді. Кеш шымылдығы ел астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру және Киргиз АКСР-дың Қазақ АКСР деп өзгертілуі сияқты тарихи сәттерді бейнелеген театрландырылған көрініспен ашылды. Актерлердің киімі, декорация, жарық бәрі де көрерменді бір сәтке 1925 жылға жетеледі. Сахнада Алаш арыстарының бейнелері көрініп, ел тағдырына жауапкершілікпен қараған қайраткерлердің жүрек лүпілі сезілді. Көріністегі әр қимыл, әр реплика – ұлттың жаңару жолындағы күресін көрерменге тағы бір рет еске салды.
Сахна төрінде Гүлнұр Оразымбетова, Мәдина Сәдуақасова, Жеңіс Ысқақова секілді Қазақстанның танымал әншілері өнер көрсетті. Әр ән сайын зал толқып, жұртшылық ду қол соғып отырды. Кеш соңында аспан түрленіп, түрлі түсті отшашулар түнгі Қызылорданы ерекше сәнге бөлеп, мерекенің көрігін арттырды.

Ал қалалық ипподромда «Алтын күз – 2025» ұлттық ат бәйгесі өтті. Сыр еліндегі дүбірлі додада еліміздің әр аймағынан келген 70-ке жуық шабандоз бақ сынап, жеңімпаздар анықталды. Ипподромдағы ат бәйгесі жәрмеңкеге ұласты. Жәрмеңкеде барлық аудан мен Қызылорда қаласының шаруалары өз өнімдерін өндіруші бағасымен ұсынды. Аудандардан 500-ге жуық жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім жеткізілді. Сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет және 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша, 10 тоннадай сүт, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 100 бас тоқты және 30 тонна жем-шөп қойылды.
Мұнан бөлек, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылының екінші кезеңі аяқталып, Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңадан салынған автомобиль жолының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Нан өнімдерін шығаратын кешен де ашылды. Осы ретте кейінгі үш жылда аймақ экономикасына 1 триллион 600 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылғанын, облыс бюджеті 851 миллиард 300 миллион теңгеге жеткенін айта кеткен жөн.
Қызылорда бір ғасыр бұрын қазақ елінің тұңғыш астанасы атанып, ұлт рухының ұйытқысына айналды. Сол рух, сол жалын бүгін де сөнген жоқ. Бүгінгі еңселі Сыр өңірі – еңбектің, өрлеудің және жаңарудың қаласы.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!