Сенат кулуарында Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова Instagram-да жоғалып кеткен қазақ әуендерінің оралуы министрлік құзырында емес екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, бұл авторлардың өз мүдделерін қорғау мақсатында құрылған – «Авторлық құқықтарды ұжымдық басқару ұйымының жауапкершілігінде. Дәл осы ұйымдар Meta компаниясымен қазіргі таңда 2025 жылға арналған келісімшарттарын қайта қарау бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырғанын ескере отырып, біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп Meta компаниясына жүгіндік. Олар келісімнің шарттарын жариялай алмайтындарын растады, бірақ жақын арада келісімге қол жеткізуге үмітті. Бұл екі тарап үшін де тиімді», – деді Жақселекова.
Әділет министрлігі авторлар мен АҚБҰ (Авторлық құқықтарды ұжымдық басқару ұйымы) арасындағы азаматтық-құқықтық қатынастарға араласпайды, өйткені бұл ұйымдарды авторлардың өздері таңдайды. Қазақ әуендерінің Instagram-ға қашан қайта оралатыны әзірге белгісіз, нәтиже келіссөздердің сәтті аяқталуына байланысты болмақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!