Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті ата-аналарды балалардың онлайн-ойындарына ерекше назар аударуға шақырып, үндеу жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Комитет интернет кеңістігінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ата-аналар негізгі қағидалар мен қауіпті белгілерді білуге тиіс екенін еске салады.

Балаларға интернетте не істеуге болмайды?

– жеке мәліметтерін (аты-жөні, мекенжай, телефон, отбасы жайлы мәлімет) бөлісу;

– Instagram, Telegram, TikTok, ВКонтакте сияқты желілердегі қауіпті топтар мен анонимді чаттарға кіру;

– ата-анасы тексермеген күмәнді онлайн-ойындарды ойнау.

Ата-аналар балаларының іс-әрекетін қалай бақылай алады?

– ата-ана бақылауы параметрін пайдаланыңыз: Android үшін Family Link, iOS үшін Screen  Time;

– баланың әлеуметтк желілердегі достары мен жазылымдарының тізімін бақылаңыз;

– аты-жөні жоқ, түсініксіз белгілермен, иероглифтермен немесе күмәнді суреттермен жасалған парақшаларға назар аударыңыз.

Баланың қандай әрекеттеріне көңіл бөлу керек?

– бала дұрыс ұйықтамайды, түнде жиі оянады;

– денесінде түсініксіз жарақаттар, көгерулер пайда болады;

– тұйықталып, ашушаң болып, сөйлесуден қашады;

– мазмұны депрессивті немесе агрессивті бейнелерді жиі көреді;

– қорқынышты суреттер салып, оның мәнін түсіндірмейді.

Балаға қалай көмек көрсету қажет?

– эмоционалдық жағдайын жіті бақылаңыз;

– балаңызбен жиі сөйлесіп, күнделікті өміріне қызығушылық танытыңыз;

– бала кез келген сәтте ойын бөлісе алатынын сезінуі керек.

Көмек қажет болса, қайда жүгінуге болады?

– құқық қорғау органдарына (102);

– мектептегі педагог-психологтарға;

– мектеп жанындағы ата-аналарға қолдау көрсету орталығына;

– балаларды психологиялық қолдау орталығына;

– өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілге;

– тәулік бойы тегін жұмыс ісейтін «111» байланыс отралығына.

«Ата-ана бақылауын орнату және баланың интернеттегі белсенділігін қадағалау – оны онлайн-қателерден қорғаудың сенімді жолы», – делінген хабарламада.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!