«Оразаңды бұзсаң, Iphone 13 беремін». Әлеуметтік желіде тараған видео көпшіліктің ашуын тудырды. Тіпті, авторды жерден алып жерге салып жатқандар көп.
Рамазан айында ұстаған оразасын бұзып, су ішуді сұрап жүргендер мұнымен шектелмейді. Қаншама блогер осы сарында пранк түсіріп жүр. Бәрінің мақсаты бір: арзан күлкі, жөнсіз ойын, деп хабарлады «Астана» арнасы.
Психолог Ғалияш Мақашова пранк жасаушыларды «шынайы емес, қағаз адамдарға» балады. Айтуынша, олар алға қойған мақсатына жету үшін адамдардың ұстанымын таптап өтуге дайын. Тіпті, әзіл арқылы тұрғындарды депрессияға ұшыратады дейді. Сондай-ақ олардың уәде етілген сыйлықты бермеуі де мүмкін екенін жеткізді.
«Енді ең қызығы сол «қағаз адамдардың» өзіне сондай тәжірибе жасалатын болса, олар бірден күйреп кетеді. Неге сіз адамдарды сынауға дайын тұрасыз деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Тіпті, пранкты сылтау қылу арқылы сіз адамдарды сынап, ол адамдарды сындырған кезде неге ләззат аласыз. Мүмкін, сізді де біреу сындырған шығар», – дейді психолог Ғалияш Мақашова.
Дінмен, намазбен, оразамен әзілдесу үлкен күнә. Ол адамды күпірлікке әкеп соқтырады, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі.
Сөзінше, мұндай орынсыз әзілдің соңы жақсылыққа апармайды.«Күлгісі келеді, қалжыңдағысы келеді, бірақ бәрі орнымен болуы керек. Ал қазіргі біздің қоғамдағы пранктардың көбісі, жалпы барлығы шариғатқа қайшы», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Хасан Аманқұл.
Айта кетері, Алматы полициясы жақында қалада болған «қыз алып қашу операциясының» пранк екенін хабарлады. Видеодағы қыз бала әдеттегідей қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!