Қазақстандық ірі банктердің шын қожайындары кім екені жария етілді. Бұл Әділетті Қазақ­станның, мемлекеттің өркениеттілігінің бір нышаны болса керек. Отандық жетекші банктер өз акцияларын ұстаушылардың тізімін Қазақстан қор биржасына (KASE) ұсынды. Сонда қаржылық институттардың артында кімдер тұр? Жалпы, банк секторы қандай жағдайда? Осыны талдап көрсек. Оның үстіне сала жылдың алдын ала қорытындыларын шығарып жатыр.

Үш соққыға есеңгіреп, құламады

S&P Global Ratings рейтинг агенттігінің Қаржылық институттар бағытының директоры Сергей Во­роненконың байламынша, қазақ­стандық банк секторы 2022 жылы естен тандырар 3 соққыны өткерді. Алдымен жыл басында елді бейбе­рекетсіздік жайлап, Қасіретті қаң­тар оқиғалары болды. Бүліктен ең көп зардап шеккен Алматы мега­полисінде бірнеше ірі банктің бө­лімшелері тоналды, кеңселері қи­ра­тылып, өртелді. Ол шығындарды банктердің өзі көтерді. Әйтпесе, әлеуметтік нысан емес, мем­лекет­тен тағы көмек сұ­раса, жарамас.

Артынша, 24 ақпанда Ресей көр­шісіне соғыс ашып, Батыстың ауыр санкцияларының астында қалды. Бұл қазақстандық банк секторына теріс ықпал етті. Себебі, Сбербанк сол кезде еліміздегі №2 банк атанып үлгерген: активі 3 трлн 166,8 млрд теңгеге жетті, онда мем­органдар, ұлттық компаниялар, биз­нес пен халық 2,2 трлн салымын сақтады. Бұл алпауыт банкрот бо­лып, қаржы секторын және ел эко­но­микасын алатайдай бүлдіргелі тұр­ғандықтан, оны амалсыз мем­лекет «Байтерек» холдингі арқылы сатып алып, ата­уын «Береке банк» деп өзгертті.

Ресейлік Альфа банк те алыптар қатарында, 6-шы орында тұрған болатын: активі 758,7 млрд теңгені құрады, онда сақталған жинақтар көлемі 534,3 млрд теңгеге жетті. Санкциядан жүрелеп қалған ре­сейлік банктің 100% акциясын 2022 жылғы 6 сәуірде ЦентрКредит банкі сатып алды. 13 мамырдан бастап, ол «Eco Center Bank» АҚ атал­ды. Қыркүйектің басында бұл банк ЦентрКредит банкіне жұ­тылды: толық қосылудың аяқтал­ғаны мәлімделді. Тиісінше, Eco Center Bank қызметін тоқтатып, ли­цензиясының күші тоқтатылды. Яғни, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1994 жылы Қазақстан нарығын игеруге бірінші болып кіріскен ресейлік бұл банк өз та­рихын осылай абыройсыз аяқтады.

Бүгінде Қазақстанда жалғыз ресейлік банк қалды, ол – ВТБ. Ол жабылмайтынға ұқсайды: Ресей мемлекеті қолдау көрсетуде. Өйт­кені қаржыгерлердің түсіндіруінше, Қазақстандағы Ресей елшілігі, кон­сулдықтары, РФ Үкіметі қаржы­лан­­дыратын түрлі ресейлік ұйым­дар, орыс православ шіркеуі осы банк арқылы қаржыландырылады екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!