Sputnik. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов ішімдік сатуға қатысты қосымша шектеулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде жыл сайын мыңдаған қылмыс мас күйінде жасалады. Полиция болса, қоғамдық жерлерде ішімдік ішу фактілерін анықтап, мас күйінде жүрген адамдарды оқшаулайды. Ондай адамдарға ішімдік ішуге тыйым да салынады. Бірақ кәсіпкерлер пайданы қуып, уақыт пен жас шегіне қатысты шектеулерді бұза береді. Лицензиядан айырылудан да қорықпайды. Себебі оны басқа адамның атына ала салуға болады.
«Біз осы мәселені ведомствоаралық клмиссияның отырысында қарадық. Тиісті ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, ішімдіктің бөлшек саудасын тек арнайы дүкендерге ғана беру керек. Бұдан бөлек, лицензия беру талаптарын күшейту қажет. Тіпті, шекті санын да енгізуге болады. Ал ішімдіктің онлайн саудасына тыйым салған жөн», – деді Сәденов бүгінгі үкімет сағатында.
Министрдің айтуынша, ойын-сауық орындарында ішімдік сату уақытын да шектейтін кез келді. Себебі ондай жерлерде қылмыстар жиі жасалады. Адам өлімі де бар.
«Бүгінде кейбір мемлекеттік органдар бұл ұсыныстарды қолдамай отыр. Меніңше, бұл жерде алдымен халықтың өмірі мен денсаулығын ойлау керек», – деді Сәденов.
Осы орайда министр ішімдіктен бас тартқан ауылдар тәжірибесін мысалға келтірді. Бүгінде ондай елді мекендердің саны үш есеге артты. Ал қылмыстар мүлдем тіркелмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!