. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырды.
Итбалықтардың жаппай қырылуы
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында президент экология саласында күрделі түйткілдер бар екенін атап өтті.»Экологиялық тепе-теңдік пен Каспийдің биоалуандығын сақтау – маңызды міндет. Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Бұған адам факторы және экологиялық ахуалдың өзгеруі әсер етіп жатыр. Итбалық Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл жануардың жойылып кетпеуін және оның санын бұрынғы қалпына жеткізуді мен тікелей бақылауда ұстап отырмын», – деді Тоқаев.Айтуынша, президент жазда Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтына барған. Бұл мекеме итбалықтардың азаю себебін зерттейді.»Мұндай маңызды мәселеге кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Бұған дейін Маңғыстау облысындағы итбалықтарды сақтау үшін мемлекеттік табиғи қорықтар құру жоспарланған болатын. Экология министрлігі бұл жұмысты тездетіп, тиісті шешім қабылдауы керек», – деді ол.Мемлекет басшысы итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуын анықтау үшін Каспий теңізінің айдыны мен жағалауында зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізген жөн деп санайды.Үкімет өкілетті органдарды теңізде жұмыс істеуге қажетті материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуге тиіс. Каспийде заңсыз балық аулаудың жолын кесу қажет.
Каспий теңізінің тартылуы
Сондай-ақ Тоқаевтың айтуынша, браконьерлер балықтың көбеюіне кесірін тигізіп, теңіздің экожүйесіне зардап келтіріп жатыр. Каспий теңізінің тартылуы – айрықша өзекті мәселенің бірі.»Теңіз деңгейі 2005 жылдан бері бір метрден аса төмендеп кеткеніне бәріміз куәміз. Судың тартылу себебі мен оның салдарын жан-жақты зерттеу керек. Осы орайда, Каспий теңізін зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құрған жөн деп есептеймін. Сондай-ақ, үкімет Каспий жағалауында орналасқан өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз жұмыс істеуі керек», – деп мәлімдеді президент.
Өндірістік қалдықтар
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев су мен ауаны ластап жатқан өндірістік қалдықтар мәселесіне тоқталды. Айтуынша, облыс халқы бұған жиі шағымданады.»ҚазАзот», «МАЭК-Қазатомпром», «CASPI BITUM», «Маңғыстаумұнайгаз» сияқты мекемелердің үстінен шағым түсіп жатыр. Әрине, табиғатқа залал келтіргені үшін салынған айыппұлдың көлемі экологияға тиген зардаптың орнын толтырмайды. Бұл компаниялардың қоршаған ортаны қорғауға, ескірген құрал-жабдықтарды жаңартуға, заманауи тазалау технологиясын орнатуға қатысты міндеттемелері бар. Экология министрлігі кәсіпорындардың Экологиялық кодексті сақтауын қатаң бақылауға алуы керек», – деді президент.Ол «Қошқар-Атадағы» қалдық қоймасын ретке келтіруді тапсырды. Айтуынша, онда 66 шаршы шақырым жерге 100 миллион тоннадан аса зиянды қалдық көмілген.Былтыр онда президенттің тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыс басталды. Жобаның алғашқы кезеңі 2024 жылға дейін жүзеге асырылады. Оған қажетті қаржы толығымен бөлінді. Тоқаев жұмыс барысын қатаң бақылауда ұстау қажет екенін қадап айтты.»Өкілетті органдар қазірден бастап жобаның екінші бөлігін дайындай бергені жөн. Шетпедегі заңсыз қоқыс төгуді және карьер жұмыстарын жүргізуді доғару керек. Бұл қалдықтарды жою жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. «SAT Operating Aktau» компаниясынан қалған қауіпті химиялық қалдықтарды жоюға және көмуге баса мән берген жөн», – деді ол.Сонымен қатар, бұрынғы Химия гидрометаллургия зауытының радиациялық қалдықтарын да залалсыздандыру керек. Бұл қалдықтар тұрғындар мен табиғатқа қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет, деп толықтырды мемлекет басшысы.
Қоқиқаздар ұшып келетін көл
Қаракөл жасанды көлі де президенттің назарынан тыс қалмады.Тоқаев ол Маңғыстау облысындағы ерекше көрікті жер екенін атап өтті. Бұл жерге көктемде және күзде құс көп келеді. Оның ішінде Қызыл кітапқа енген қызғылт қоқиқаз бар.»Экологтар көлдің тартылып бара жатқанын айтып жүр. Ондағы ахуалдың өзгеруін жұрт Шора каналына салынып жатқан көпірмен байланыстырады. Осы мәселені шешудің түрлі жолдары бар. Үкімет оны мұқият зерттеуі қажет»», – деп тапсырды президент.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!