Ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында аймағымызда барлық негізгі салаларда өсім байқалды. Өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Халық саны да өсіп, туу көрсеткіші тұрақты деңгейде сақталуда. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Әбілдаев мәлімдеді.

– 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығы қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай оң динамикада екені байқалады. Өңдеу өнеркәсібі 17,2%-ға өсіп, тамақ өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің өндірісі айтарлықтай артты. Құрылыс саласында 44,5%-ға өсу тіркеліп, пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны да артты. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестициялар 21,5%-ға ұлғайған. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі де 2,8%-ға көбейіп, мал шаруашылығындағы өсім де байқалады. Сауда мен көлік саласында да өсу бар, бұл өңір экономикасының әртүрлі салаларының даму қарқынының кең екенін көрсетеді. Халық саны тұрақты түрде өсіп келеді, оның ішінде қала мен ауыл тұрғындарының саны дерлік тең. Көші-қон да белсенді, облысқа келгендер мен кеткендердің саны белгілі деңгейде өзгеріп отыр. Табиғи өсім жақсы деңгейде, 2025 жылдың алғашқы бес айында 6739 сәби дүниеге келді, бұл аймақтағы демографиялық жағдайдың тұрақтылығын дәлелдейді. Ағымдағы жылдың алғашқы алты айындағы көрсеткіштер өңірдің тұрақты дамуын айқындап отыр. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында айтарлықтай өсім бар, бұл инвестициялар көлемінің ұлғаюымен тығыз байланысты. Ауыл шаруашылығы да тұрақты дамуда, сонымен қатар халық саны өсіп, демографиялық көрсеткіштеріміз тұрақты. Еңбек нарығында жалақы деңгейі өсіп, жұмыссыздық төмендеу үрдісінде. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын және болашақтағы даму мүмкіндіктерін көрсетеді. Жалпы алғанда, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік салалары 2025 жылдың алғашқы жартысында жақсы қарқынмен дамып, өңірдің тұрақты өсімін қамтамасыз етуде, – деді Айбек Жантөреұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!